Шавкат Рахмонов ұзақ үзілістен кейін жаттығуға қайта оралды

Спорт шолушысы

Әлеуметтік желіде файтердің тізесінен алған екінші жарақаттан кейінгі дайындық барысынан видео жарияланды.

Шавкат Рахмонов ұзақ үзілістен кейін жаттығуға қайта оралды
UFC

Кадрларда қазақстандық спортшы қарқынды түрде жаттығып жатқаны көрінеді. Жаттығу кезінде Рахмонов әлем чемпионатының күміс жүлдегері Дулат Бекбауовпен бірге дайындалған.

Соңғы рет қашан жекпе-жек өткізді?

Қазақстандық файтер соңғы ресми кездесуін 2024 жылдың желтоқсанында UFC 310 турнирінде өткізген еді. Ирландиялық Иэн Гэрримен жекпе-жекте жеңіске жетіп, кәсіби рекордын 19-0 көрсеткішіне жеткізді. 31 жастағы спортшының кәсіби рекордындағы 19 жеңістің 18-і мерзімінен бұрын тіркелген. Биыл ақпанда UFC Рахмоновты ұзақ уақыт октагонға шықпағаны үшін жартылай орта салмақ рейтингінен алып тастаған болатын.

Рахмоновтың октагондағы дебюті 2020 жылдың қазан айында басталған. Еске салсақ , Рахмонов UFC-мен келісімшартқа отырған алғашқы қазақстандық спортшы. 

Рахмоновтың жеке өмірі де басты назарда

Бұған дейін БАҚ беттерінде спортшының жеке өмірі де қызу талқыланған еді. Наурыз айында жұбайы Гүлайым Рахмонова ажырасқандарын жариялағанымен , файтердің өзі бұл жағдайға қатысты пікір білдірген жоқ.