WBC президенті Усиктің келесі қарсыласын атады
Аса ауыр салмақтағы әлем чемпионы Александр Усик келесі жекпе-жегін WBC тұжырымы бойынша міндетті үміткерге қарсы өткізуі тиіс. Бұл туралы ұйым президенті Маурисио Сулейман мәлімдеді.
Усик кіммен жұдырықтасуы мүмкін?
WBC президенті Маурисио Сулейман украиналық боксшы Александр Усиктің келесі қарсыласы Агит Кабайел болуы керек екенін растады. Кабайел қазір WBC уақытша чемпионы әрі Усиктің белбеуіне міндетті үміткер саналады.
“Агит — WBC уақытша чемпионы және Александр Усикке міндетті қарсылас. Ол бұл мүмкіндікке лайық. Агит пен Александр арасындағы жекпе-жек биыл өтуі керек. Біз айқасты белгілейміз, кейін жағдайды қараймыз”, — деді Сулейман.
Бұған дейін WBC ұйымы Усикке титулын ерікті түрде қорғауға рұқсат берген. Соның нәтижесінде украиналық чемпион Рико Верхувенмен жұдырықтасты.
Бұл жекпе-жек күткеннен де тартысты өтті. 11-раундтағы тоқтату шешімі көпшілік арасында дау тудырды. Дегенмен Маурисио Сулейман төреші Марк Лайсонның шешімін қолдады.
Александр Усик бұған дейін WBC уақытша чемпионы, Германия өкілі Агит Кабайелмен жекпе-жек өткізу бойынша келіссөз бастауға дайын екенін мәлімдеген еді.
Соңғы жекпе-жекте не болды?
Еске салайық, Усик соңғы кездесуін 23 мамырда Египеттің Гиза қаласында өткізді. Ол WBC тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағын сәтті қорғады.
Қиын өткен айқаста украиналық боксшы кездесудің бағытын өзгертіп, Рико Верхувенді 11-раундта техникалық нокаутпен жеңді.