Есеп 1:1. Махмұд Сабырхан Сәкен Бибосыновпен арадағы бәсеке жайлы айтты

Бокс шолушысы

Екі боксшы бұған дейін өзара екі рет кездесіп, бір реттен жеңіске жеткен. 

Бокстан екі дүркін әлем чемпионы Махмұд Сабырхан Қазақстан құрамасындағы басты қарсыластарының бірі Сәкен Бибосынов туралы пікір білдірді. Оның айтуынша, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері өте қауіпті қарсылас. Бұл туралы Сабырхан Qazaqstan TV арнасындағы "1001 түн" бағдарламасында айтты.

Сабырхан Бибосыновты ерекше атап өтті

Бағдарлама барысында Махмұд Сабырхан жүргізушілермен ойын ойнады. Шарт бойынша оған бірнеше боксшының есімі аталып, өзінен мықты қарсыластың атын естігенде ғана жауап беруі керек болған.

Жүргізушілер тізімінде Қазақстан құрамасының өкілдері Тимур Қабдеш, Дәулет Молдашев, Даниял Сәбит, Нұрсұлтан Алтынбек және Кенже Мұратұлы болды. Алайда Сабырхан тек украиналық Василий Ломаченконың есімін естігенде ғана үн қатты.

Осыдан кейін Махұд Сабырхан жүргізушілердің бұл тізімге Сәкен Бибосыновты қоспағанын айтты.

"Рингте біз қарсыласпыз"

Махмұд Сабырхан Сәкен Бибосыновты бауыры ретінде құрметтейтінін, бірақ бір салмақ дәрежесінде жүргендіктен рингте екеуі қарсылас екенін атап өтті.

"Барлық аталған боксшылар мықты, ыңғайсыз қарсыластар. Бірақ сіздер бір боксшыны айтпадыңыздар — Сәкен Бибосыновты. Ол біздің бауырымыз, бірақ біз бір салмақта болғандықтан, рингте қарсыласпыз. Біз онымен екі рет кездестік. Бір рет ол жеңді, бір рет мен жеңдім. Қазір есеп 1:1. Егер оның атын атасаңыздар, мүмкін, мен сөйлер едім", — деді Сабырхан.

Сәкен Бибосынов — Қазақстан боксындағы жетістігі көп спортшылардың бірі. Ол 2021 жылы Белградта және 2025 жылы Дубайда өткен әлем чемпионаттарында алтын медаль жеңіп алды.

Сонымен қатар оның еншісінде Токио-2020 Олимпиадасының қола жүлдесі бар. Бибосынов 2019 жылы Екатеринбургтегі әлем чемпионатында қола медаль, 2022 жылғы Азия чемпионатында күміс, 2021 жылы құрлық біріншілігінде қола жүлде алған. Сондай-ақ 2019 жылы Қазақстан Президенті кубогында топ жарған.