IBF Жәнібек Әлімханұлының белбеуін сарапқа салды. Қарсыластар белгілі
Аарон Маккена мен Этиноса Олиха арасындағы кездесу 8 тамыз күні Дублинде өтеді.
Орта салмақтағы IBF нұсқасы бойынша вакантты әлем чемпионы атағы үшін таласатын боксшылар анықталды. Олар - ирландиялық Аарон Маккена мен италиялық Этиноса Олиха..
Бұл белбеу бұған дейін қазақстандық Жәнібек Әлімханұлына тиесілі болған. Алайда "Қазақ стилі" допинг дауына байланысты IBF титулынан айырылған еді.
Маккена мен Олиха Дублинде жұдырықтасады
IBF ұйымы орта салмақтағы бос қалған чемпиондық белбеу үшін өтетін айқасты ресми түрде бекітті. Аарон Маккена мен Этиноса Олиха арасындағы кездесу 8 тамыз күні Дублинде өтеді.
Жекпе-жекті Дана Уайттың Zuffa Boxing промоушені ұйымдастырады.
Әлімханұлы неге титулынан айырылды?
Жәнібек Әлімханұлы өткен жылдың желтоқсанында Сан-Антониода Эрисланди Лараға қарсы жекпе-жек өткізуі тиіс болған. Алайда айқас алдында қазақстандық боксшының допинг сынамасынан тыйым салынған зат табылып, үлкен дау туындады. Осы жағдайдан кейін IBF ұйымы Әлімханұлын чемпиондық белбеуінен айырды. Ал WBO титулы әзірге қазақстандық боксшының еншісінде қалды.
Айта кетейік, Жәнібек Әлімханұлы жуырда әлеуметтік желідегі жазбасында рингке осы жылдың желтоқсанында оралатынын айтты. Алайда оның келесі қарсыласы мен нақты жекпе-жек күні ресми түрде жарияланған жоқ.