Жәнібек Әлімханұлы титулдық жекпе-жекке дайындықты бастады (ВИДЕО)

Жекпе-жек шолушысы

WBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы рингке оралу жолындағы алғашқы жаттығу сәттерін көрсетті.

Жәнібек Әлімханұлы титулдық жекпе-жекке дайындықты бастады (ВИДЕО)
Instagram/@janibek_alimkhanuly

Жаттығу залынан видео жариялады

Орта салмақта өнер көрсететін боксшы Instagram желісіндегі парақшасында бокс залындағы жаттығуынан видео салды. Кадрлардан Әлімханұлының алдағы жекпе-жекке физикалық әрі техникалық тұрғыда дайындықты қолға алғанын байқауға болады.

Спортшы сторисіне қысқа ғана:

"Бастадық", — деп жазды.

Бұл жазба оның рингке қайта оралуға нақты кіріскенін аңғартты.

Желтоқсанда титулын қорғауы мүмкін

Бұған дейін Жәнібек Әлімханұлы жоспар бойынша желтоқсан айында әлем чемпионы атағын қорғайтынын мәлімдеген.

WBO ұйымы боксшының чемпиондық белбеуін сақтап қалғанымен оны уақытша чемпиондық атақ иесі, британиялық Дензел Бентлиге қарсы міндетті қорғаныс өткізуге міндеттеген.

Сондықтан алдағы кездесу Әлімханұлы үшін спорттық мансабындағы маңызды сынақтардың бірі болуы мүмкін.

Допинг дауы және оның салдары

Жәнібек Әлімханұлы 2025 жылдың желтоқсанында допинг дауына ілікті. VADA агенттігі алған A және B сынамаларынан тыйым салынған мельдоний препараты табылғаны хабарланған еді.

Осы жағдайға байланысты қазақстандық боксшының кубалық Эрисланди Лараға қарсы жоспарланған біріктіру жекпе-жегі өтпей қалды.

WBO титулды сақтап, IBF белбеуін қайтарды

Тергеу нәтижесінде 2026 жылдың басында Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясы Әлімханұлының кінә деңгейін төмен деп бағалап, жағдайды "қасақана емес немқұрайлылық" ретінде қарастырды.

WBO ұйымы боксшыны 2026 жылдың желтоқсанына дейін бір жылға жарыстардан шеттеткенімен әлем чемпионы атағын сақтап қалды.

Ал IBF ұйымы бұған қарағанда қатаң шешім қабылдады. 2026 жылдың наурызында федерация Әлімханұлын чемпиондық белбеуден ресми түрде айырды. Бұған дисквалификация кезінде міндетті қорғаныс жекпе-жегін өткізу мүмкін болмағаны себеп болды.