Қазақ балуаны қатарынан үшінші рет Азия чемпионы атанды
Грек-рим күресінің жас өкілі Қуанышбек Жаңажол Азия чемпионатында тағы да топ жарды.
Қазақстан құрамасының алғашқы алтыны
17 жасқа дейінгі балуандар арасындағы грек-рим күресінен Азия чемпионаты 28-31 мамыр аралығында Вьетнамның Дананг қаласында өтіп жатыр.
Қазақстан жасөспірімдер құрамасы үшін алғашқы алтын медальді Қуанышбек Жаңажол жеңіп алды. Ақтөбе облысының өкілі 51 келіге дейінгі салмақта қарсылас шақ келтірмей, құрлық біріншілігінің жеңімпазы атанды.
Жаңажол шешуші белдесуде қырғызстандық Арсен Шараповпен кездесіп, 2:0 есебімен жеңіске жетті.
Финалға дейінгі жолы
Қазақстандық балуан құрлық біріншілігінде сенімді өнер көрсетті. Ол финалға дейін екі қарсыласын жеңіп, шешуші белдесуге жолдама алды.
Ширек финал:
- Бунёд Хасанов, Өзбекстан — 8:4
Жартылай финал:
- Ахмад Бадраддини, Иран — 12:3
Азияның үш дүркін чемпионы
Қуанышбек Жаңажол үшін бұл — Азия чемпионатындағы үшінші қатарынан жеңіс. Ол бұған дейін 2024 жылы 15 жасқа дейінгі балуандар арасында 41 келі салмақта Азия чемпионы атанса, 2025 жылы 17 жасқа дейінгілер арасында 45 келіде құрлық біріншілігін жеңіп алған.
Енді қазақстандық балуан 51 келіге дейінгі салмақта да үздік екенін дәлелдеді.
Жаңажол тек Азия деңгейінде емес, әлемдік аренада да табысты өнер көрсетіп жүр. 2025 жылы 17 жасқа дейінгі балуандар арасындағы әлем чемпионатында 45 келі салмақта жеңімпаз атанған.