Финалда Өзбекстанды тоқтатты: Қазақ балуаны Азия чемпионы атанды (ВИДЕО)
Мирас Махамбет грек-рим күресінен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында жеңімпаз атанды. Дода Вьетнамның Дананг қаласында өтіп жатыр.
Махамбет 65 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Финалда өзбекстандық Сардор Махмудовпен белдесіп, тартысты кездесуде 3:2 есебімен жеңіске жетті.
Қазақ балуаны алтын медальға барар жолда бірнеше мықты қарсыласын жеңді. Ширек финалда қытайлық Юнчи Чудан басым түсті. Ал жартылай финалда ирандық Хамид Али Деханзадехті ұтты.
Айта кетейік, жарыстың алғашқы күнінде Қазақстан құрамасы грек-рим күресінен төрт медаль жеңіп алған еді.
51 келіге дейінгі салмақта Қуанышбек Жаңажол Азия чемпионы атанды. Ол финалда қырғызстандық Арсен Шараповты 2:0 есебімен жеңді.
Сонымен қатар 110 келіге дейінгі салмақта Арыстан Темірғали Қазақстан құрамасына күміс медаль сыйлады.