Грек-рим күресінен жасөспірімдер құрамасы Азия чемпионатында екінші орын алды
Қазақстанның 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрамасы Азия чемпионатын жалпыкомандалық есепте екінші орынмен аяқтады.
Ираннан кейін екінші нәтиже көрсетті
Вьетнамның Дананг қаласында күрестен 17 жасқа дейінгі балуандар арасындағы Азия чемпионаты өтіп жатыр.
Бүгін грек-рим күресі шеберлері арасындағы белдесулер аяқталды. Жалпы медаль есебінде Иран құрамасы көш бастаса, Қазақстан жасөспірімдері екінші орынға тұрақтады.
Қазақстан құрамасы бұл көрсеткіш бойынша Өзбекстан мен Қырғызстан командаларынан жоғары нәтиже көрсетті.
Азия чемпионатындағы медаль есебі
Грек-рим күресі бойынша жалпыкомандалық есептің үздік сегіздігі төмендегідей:
- Иран — 6 алтын, 1 күміс, 1 қола
- Қазақстан — 2 алтын, 1 күміс, 2 қола
- Өзбекстан — 1 алтын, 3 күміс, 4 қола
- Қырғызстан — 1 алтын, 3 күміс, 4 қола
- Қытай — 1 күміс, 4 қола
- Оңтүстік Корея — 1 күміс, 2 қола
- Тәжікстан — 2 қола
- Жапония — 1 қола
Қазақстан бес медаль жеңіп алды
Қазақстан құрамасы Азия чемпионатында жалпы бес жүлдеге иелік етті. Ел қоржынына екі алтын, бір күміс және екі қола медаль түсті.
Алтын жүлдені 51 келі салмақта Қуанышбек Жаңажол мен 65 келіде Мирас Махамбет жеңіп алды.
110 келіде белдескен Арыстан Темірғали күміс медаль иеленді. Ал 45 келідегі Әли Алмас пен 48 келідегі Датқа Лесбек қола жүлдегер атанды.
Қазақстан құрамасының тағы бірнеше өкілі жүлдеге таласқанымен медаль ала алмады.
55 келіде Дияр Аманәлі, 60 келіде Ескендір Бауыржан, 71 келіде Тимур Құсайынов және 80 келіде Әлинұр Төлеуғали бесінші орыннан көрінді.
92 келіде сынға түскен Николай Хлюпко алғашқы белдесуінде жеңіліп, жарысты ерте аяқтады.