Арман Әшімов UFC-де жеңіліп көрмеген файтермен жұдырықтасады
ММА шебері Арман Әшімов Алматыда IBA NOMAD 15 турнирінде UFC өкілі Джефф Молинаға қарсы октагонға шығады.
Айқас ресми жарияланды
Ұйым мәліметінше, бұл кездесу 4 шілдед аса жеңіл салмақта өтеді.
"Арман “Mustafa Ozturik” Әшімов vs Джефф “El Jefe” Молина. Аса жеңіл салмақтағы жекпе-жек.
IBA NOMAD 15 турнирінде жанкүйерлерді әлемдік деңгейдегі екі жарқын спортшының тартысты айқасы күтіп тұр.
Арман Әшімов — Қазақстандағы ең танымал файтерлердің бірі. Ол M-1 ұйымының бұрынғы чемпионы, агрессивті стилімен, мінезімен және соңына дейін айқасатын қайсарлығымен белгілі.
Оның қарсыласы Джефф “El Jefe” Молина — UFC-де 3-0 көрсеткішіне ие, жылдам, техникасы жоғары әрі кез келген сәтте қауіп төндіре алатын спортшы", — делінген хабарламада.
Әшімов соңғы жекпе-жегін нокаутпен жеңген
Арман Әшімов соңғы кездесуін 11 сәуірде Алматыда IBA Nomad 14 турнирінде өткізді. Сол кеште тәжікстандық Дилшод Норкузиевті бірінші раундта нокаутқа түсірді.
Ал Джефф Молина соңғы рет 2022 жылдың 4 маусымында Лас-Вегаста UFC Fight Night 207 турнирінде жұдырықтасты. Ол Жалғас Жұмағұловты төрешілердің екіге бөлінген шешімімен жеңді.
Бірақ осы кездесуден кейін Молина октагонға шыққан жоқ. Америкалық файтер ставкаларға қатысты іс бойынша үш жылға дисквалификацияланған еді. Оның жазалау мерзімі 2025 жылдың соңында аяқталды.