Бақыт Сәрсекбаев Еуропадағы турнирде үздік бапкер атанды

Жекпе-жек шолушысы

Бокстан Қазақстан жастар құрамасының бас бапкері, Бейжің Олимпиадасының чемпионы Бақыт Сәрсекбаев Венгриядағы беделді халықаралық жарыста жоғары марапатқа ие болды.

Бақыт Сәрсекбаев Еуропадағы турнирде үздік бапкер атанды
Спортты дамыту дирекциясы

Қазақстан 15 медаль жеңіп алды

U-19 жастар құрамасының аға жаттықтырушысы Бақыт Сәрсекбаев Эгер қаласында ұйымдастырылған "Иштван Борнемисса мемориалы" халықаралық турнирінде үздік бапкер деп танылды. Қазақстан бокс федерациясының мәліметінше, жарысқа елден 18 былғары қолғап шебері қатысқан. Олардың 15-і жүлдегерлер қатарынан көрінді. Ұлттық құраманың еншісінде 6 алтын, 6 күміс және 3 қола медаль бар.

World Boxing халықаралық федерациясының қолдауымен өткен бәсекеге 24 елден 500-ден астам боксшы жиналды. Олардың қатарында Өзбекстан, Украина, АҚШ, Франция, Үндістан және басқа да мемлекеттердің боксшылары бар.

Сәрсекбаев тізгінді жыл басында ұстады

Бақыт Сәрсекбаев U-19 жастар құрамасының аға жаттықтырушысы қызметіне биыл 10 қаңтарда тағайындалды. Бұған дейін U-22 эксперименталды резервтік құрамасына жетекшілік еткен.

Венгриядағы халықаралық турнир 25 мамырда басталды. Жарыстың ресми жабылу рәсімі ертең өтеді деп жоспарланған.