Қазақстандық ММА чемпионы допинг үшін төрт жылға шеттетілді

Спорт шолушысы

Айдын Төлепбаевтың сынамасынан тыйым салынған мельдоний заты анықталып, спорттық нәтижелері жойылды.

Қазақстандық ММА чемпионы допинг үшін төрт жылға шеттетілді
Hola news

Халықаралық тестілеу агенттігі (ITA) ММА бойынша әлем чемпионы Айдын Төлепбаевқа қатысты санкция жариялады. ITA мәліметінше, спортшы 2024 жылғы 14 желтоқсанда Индонезияның Бантен қаласында өткен GAMMA әлем чемпионаты кезінде тапсырған допинг сынамасынан мельдоний заты анықталған.

Мельдоний Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік (WADA) тізімінде тыйым салынған гормондық және метаболизмдік модулятор ретінде көрсетілген. Бұл зат жарыс кезінде де, жарыстан тыс уақытта да қолдануға тыйым салынған. Айдын Төлепбаев 2025 жылғы 3 наурыздан бастап уақытша жарыстардан шеттетілген, спортшы антидопингтік істі дауламаған.

GAMMA антидопингтік протоколына сәйкес, ITA қазақстандық спортшыны 2029 жылғы 2 наурызға дейін жарыстарға қатысу құқығынан айырды. Сонымен қатар, оның GAMMA-2024 әлем чемпионатындағы нәтижелері және 2024 жылдың 14 желтоқсаны мен 2025 жылдың 3 наурызы аралығында қол жеткізген барлық жеке спорттық көрсеткіштері жойылды.