ҚПЛ Футбол Бәрі-бір Жекпе-жек Жаңалықтар Хоккей Авто Теннис Фитнес Киберспорт Болжам Ойыннан тыс Чемпиондар лигасы
ҚПЛ 23-тур

"Бәріне өзі кінәлі": Тұрсынғали Еділов Елеусінов туралы күтпеген пікір айтты

Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Тұрсынғали Еділов Рио-2016 Олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусіновтың қазіргі жағдайына қатысты пікір білдірді.

"Бәріне өзі кінәлі": Тұрсынғали Еділов Елеусінов туралы күтпеген пікір айтты
instagram.com/yeleussinovdaniyar/

Елеусінов өз мәселесін ашық мойындады

Бұған дейін Данияр Елеусінов әлеуметтік желідегі парақшасында Олимпиададан кейін алкогольге әуестігі пайда болғанын және кейін бұл тәуелділікке ұласқанын мәлімдеген. Боксшы мас күйінде көлік жүргізуге байланысты жол-көлік оқиғасынан кейін 20 тәулік әкімшілік қамауда болған. Кейін жағдайына қатысты көпшілікке ашық үндеу жасап, мәселені еңсеруге тырысып жүргенін айтты.

Елеусіновтің сөзінше, адамдар мұндай мәселеге сырттай жеңіл қарауы мүмкін, бірақ оның қаншалықты ауыр екенін басынан өткермей түсіну қиын.

Тәртіп туралы

Қазақстан құрамасының бұрынғы бас бапкері Тұрсынғали Еділов Олимпиада чемпионының мұндай жағдайға тап болғанын естігенде таң қалғанын жасырмады. Маманның айтуынша, әуесқой бокстағы Елеусінов өзінің талантымен ғана емес, жоғары тәртібімен де ерекшеленген.

“Даниярмен көптен бері жеке сөйлескенім жоқ. Оның осындай қиындыққа тап болғанын естігенде таңғалдым. Әуесқой бокста жүрген кезінде өте жинақы әрі тәртіпті болатын. Мұндай қасиеттерсіз Олимпиада чемпионы болу да мүмкін емес”, – деді Еділов.

Кәсіпқой бокстың жүгі ауыр 

Еділовтің пікірінше, кәсіпқой рингте боксшының күн тәртібін, тамақтануын немесе демалысын үнемі бақылап отыратын адам бола бермейді. Сондықтан боксшы өзін-өзі қадағалай білуі керек.

“Кәсіпқой бокс деген атаудың өзі көп нәрсені аңғартады. Мұнда жаттықтырушы сенің қашан ұйықтап, қалай тамақтанатыныңды үнемі тексеріп отырмайды. Боксшыға дербестік беріледі. Егер жоғары деңгейде өнер көрсеткің келсе, соған сай өмір сүруің қажет. Даниярға белгілі бір кезеңде өзін-өзі бақылау жетіспеген болуы мүмкін”, – деді маман.

Соған қарамастан Еділов Елеусіновтің өз мәселесін көпшілік алдында ашық мойындауын маңызды қадам деп есептейді. Оның айтуынша, дәл осы мойындау боксшының бұрынғы қалпына оралуына бастайтын алғашқы қадам болуы ықтимал.

АҚШ-қа оралуы – жақсы белгі

Елеусінов бұған дейін АҚШ-қа барып, жаттығуын жалғастыруды жоспарлап отырғанын мәлімдеген. Тұрсынғали Еділов мұны қазақстандық боксшы үшін оң сигнал деп бағалады.

“Данияр қолын бір сілтеген жоқ. Ол АҚШ-та жаттығуды жалғастырғысы келеді. Бұл – жақсы жаңалық. Иә, қазір оның жасы 35-те және бір жылдан астам уақыт жекпе-жек өткізген жоқ. Бірақ оның шеберлігі, тәжірибесі және кез келген қарсыласқа қолайсыз стильде жұдырықтаса білу қабілеті жоғалған жоқ”, – деді Еділов.

Маман Елеусінов жүйелі дайындық пен қатаң тәртіпті сақтай алса, бұрынғы бабына қайта келуге мүмкіндігі бар деп есептейді.

“Дұрыс дайындық пен өзін-өзі бақылау болса, ол жақсы форма жинай алады. Мүмкін, Данияр әлі де көпшілікті таңғалдырар. Соған сенгім келеді”, – деп түйіндеді Тұрсынғали Еділов.

Данияр Елеусінов кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегін 2018 жылы өткізді. Осы уақыт аралығында 13 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Оның сегізін мерзімінен бұрын аяқтаған.

2026 жылы Олимпиада чемпионы Дана Уайт пен Турки Әл аш-Шейхтің Zuffa Boxing промоушенімен келісімшартқа отырды. Дегенмен әзірге жаңа ұйым аясында ресми жекпе-жек өткізген жоқ.

Бұл туралы не ойлайсыз?

Пікірлер

Пікір жазу үшін кіріңіз.

Әзірге пікір жоқ. Бірінші болыңыз.