"Уақыт созуды тоқтатыңдар": Мейірім Нұрсұлтанов WBC шешіміне қатысты мәлімдеме жасады
Жуырда аталған мекеме отандасымызды әлем чемпионы Карлос Адамеске міндетті қарсылас ретінде бекіткен еді.
Қазақстандық боксшы Мейірім Нұрсұлтанов WBC ұйымының ресми шешіміне қатысты мәлімдеме жасады.
Жуырда аталған мекеме отандасымызды орта салмақтағы әлем чемпионы Карлос Адамеске міндетті қарсылас ретінде бекіткен еді.
Осы ретте қазақстандық боксшы жекпе-жекті созбай, келісімшартқа қол қоюға дайын екенін жеткізді.
"Біз бұл жекпе-жекті күтіп жүрміз. Уақыт созуды доғарыңдар, келісімшартқа қол қойып, айқасты өткізейік. Біз кез келген жерде, кез келген уақытта және кез келген шартпен жұдырықтасуға дайынбыз. Ешқандай сылтау керек емес. Бұл жекпе-жекті ұйымдастырайық", – деп жазды ол.
WBC 22 қыркүйекте Мейірім Нұрсұлтанов пен Карлос Адамес арасындағы титулдық жекпе-жекті ресми түрде міндеттеген болатын. Енді ұйым екі тарапқа келісімге келу үшін 20 қазанға дейін уақыт берді.
Алдыңғы жекпе-жек өтпей қалған еді
Бұған дейін Нұрсұлтанов WBC нұсқасы бойынша орта салмақтағы уақытша әлем чемпионы атағы үшін америкалық Хесус Рамос кішімен кездесуі керек болған.
Жекпе-жек 18 қыркүйекте Сан-Диегода өтеді деп жоспарланған еді. Алайда айқасқа бір күн қалғанда Рамос салмақ қуу кезінде өзін нашар сезініп, ауруханаға жеткізілді.
Алдын ала мәлімет бойынша, америкалық боксшы тамақтан уланып қалған болуы мүмкін.