WBC чемпионы Мейірім Нұрсұлтановпен жекпе-жек алдында ауруханаға түсті
Осыған байланысты 19 қыркүйек өтуі тиіс болған айқас кейінге қалды.
Қазақстандық боксшы Мейірім Нұрсұлтановтың америкалық Хесус Рамосқа қарсы 19 қыркүйекке жоспарланған титулдық жекпе-жегі кейінге шегерілді.
WBC нұсқасы бойынша орта салмақтағы уақытша әлем чемпионы Рамостың салмақ қуу кезінде денсаулығы сыр берген.
Бокс журналисі Дэн Рафаэльдің мәліметінше, америкалық боксшы түнде ауруханаға жатқызылып, таңертең дәрігерлердің бақылауынан кейін шығарылған. Алдын ала ақпарат бойынша Рамостың тамақтан улануы мүмкін деген күдік болған. Осы жағдайға байланысты оның Нұрсұлтановқа қарсы жекпе-жекке шығуына мүмкіндік болмаған.
Айта кетейік, Нұрсұлтанов үш жылға жуық рингке шыққан жоқ. Ұзақ үзіліске қарамастан қазақстандық боксшы WBC рейтингінде орта салмақ бойынша бірінші орнын сақтап қалды.