Қазақстан әлем чемпионатының қола жүлдесіне таласады
Астанадағы әлем чемпионатында қазақстандық балуан Ирина Кузнецова жүлде үшін күресті жалғастырады.
Жапониялық балуанның жеңісі мүмкіндік сыйлады
"Барыс Аренада" әйелдер күресінен 62 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жартылай финалдық белдесулер аяқталды.
Шешуші кезеңге жолдама үшін жапониялық Нонока Озаки мен Нигерия өкілі Эстер Колаволе белдесті. 2022 және 2023 жылдардағы әлем чемпионы, Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Нонока Озаки қарсыласын 2:1 есебімен жеңіп, финалға шықты.
Бұл нәтиже Қазақстан құрамасының балуаны Ирина Кузнецова үшін маңызды болды. Себебі отандасымыз жарыстың 1/8 финалында дәл осы жапониялықтан жеңілген еді. Озакидің финалға шығуы Кузнецоваға жұбаныш белдесулеріне қатысуға мүмкіндік берді.
Кузнецова жүлдеге қалай қол жеткізе алады?
Қазақстандық балуан 29 қазан күні таңертең жұбаныш кезеңінде ресейлік Амина Танделовамен кездеседі. Егер Кузнецова бұл белдесуде жеңіске жетсе, сол күні кешке әлем чемпионатының қола жүлдесі үшін таласады. Оның ықтимал қарсыласы – жартылай финалда Нонока Озакиге есе жіберген нигериялық Эстер Колаволе.
Ирина Кузнецова 2000 жылғы 5 желтоқсанда Ақмола облысының Степногорск қаласында дүниеге келген. Қазақстандық балуан жасөспірімдер мен жастар арасындағы халықаралық жарыстарда бірнеше мәрте жүлдегер атанған.
Негізгі жетістіктері:
- 2018 жыл – жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионы;
- 2019 жыл – 23 жасқа дейінгі Азия чемпионатының күміс жүлдегері;
- 2019 жыл – жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатының қола жүлдегері;
- 2022 және 2023 жылдар – 23 жасқа дейінгі Азияның екі дүркін чемпионы;
- 2022 жыл – Ислам ынтымақтастығы ойындарының қола жүлдегері;
- 2023 жыл – 23 жасқа дейінгі әлем чемпионатының қола жүлдегері;
- 2023 жыл – Азия ойындарында бесінші орын.
Ирина Кузнецова – Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Қазіргі уақытта әлемдік рейтингте 23-орында тұр.