Алтыннан үміт үзілді: Ризабек Айтмұқан Астанадағы ӘЧ-да жеңілді
Еркін күрес шебері Ризабек Айтмұқан ресейлік Абдулрашид Садулаевқа есе жіберді.
Айтмұқан мен Садулаев белдесуінің нәтижесі
Елордадағы "Барыс Аренада" жанкүйерлер асыға күткен тартысты кездесулердің бірі өтті. 97 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде 22 жастағы Ризабек Айтмұқан әлемдік күрестің әйгілі өкілі, 30 жастағы Абдулрашид Садулаевпен күш сынасты.
Бірақ қазақстандық балуан тәжірибелі қарсыласына төтеп бере алмады. Ресейлік бозкілем шебері басымдық танытып, 4:1 есебімен жеңіске жетті.
Осылайша Ризабек Айтмұшан әлем чемпионатының алтын жүлдесі үшін күресті жалғастыра алмайтын болды.
Қола медальға таласа ала ма?
Қазақстандық балуанның жүлдеге қол жеткізу мүмкіндігі әлі де сақталуы ықтимал. Ол үшін Абдулрашид Садулаев финалға дейін жетуі керек.
Егер ресейлік шешуші белдесуге жолдама алса, Айтмұқан жұбаныш белдесулеріне қатысып, қола медаль үшін күресуге мүмкіндік алады. Ал Садулаев финалға шыға алмаса, қазақстандық балуанның турнирдегі жолы аяқталады.
Ризабек Айтмұқанның жетістіктері
Ризабек Айтмұқан – Қазақстан еркін күресінің жарқын өкілдерінің бірі. Ол 2004 жылы 29 сәуірде Солтүстік Қазақстан облысының Кішкенекөл ауылында дүниеге келген. Қазір Астана қаласының намысын қорғайды.
Балуанның жеке бапкері – әкесі Қанат Жолдасбай.
Халықаралық аренадағы басты жетістіктері:
- 2023 жыл – еркін күрестен Қазақстан тарихындағы тұңғыш әлем чемпионы (92 келі);
- 2024 жыл – 20 жасқа дейінгі әлем чемпионы (97 келі);
- 2024 жыл – 23 жасқа дейінгі әлем чемпионы (97 келі);
- 2023, 2024 және 2025 жылдар – Азия чемпионаттарының күміс жүлдегері;
- 2025 жыл – 23 жасқа дейінгі әлем чемпионатының қола жүлдегері;
- 2026 жыл – Мұхамет Мало мемориалының қола жүлдегері.
Әлемдік рейтингте 14-орында тұр.
Айта кетейік, бұған дейін Ризабек Айтмұқан Азия ойындарында да сәтсіздікке ұшыраған еді. Ол алғашқы белдесуінде жапониялық Араш Йошидаға есе жіберіп, жарысты мерзімінен бұрын аяқтаған.