Penalty.kz қосымшасыГол туралы бірінші біліңіз Ашу
Футбол
Бөлімдер

Елдос Сметов Grand Slam турнирінде қазақстандық дзюдошыдан жеңілді

Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов Абу-Дабиде өтіп жатқан Grand Slam турнирінде жүлдесіз қалды.

Елдос Сметов Grand Slam турнирінде қазақстандық дзюдошыдан жеңілді
instagram/@kaz_judoteam

Елдос Сметов пен Талғат Орынбасар белдесті

Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасында ұйымдастырылған халықаралық жарыста Қазақстанның екі дзюдошысы 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қола медаль үшін өзара кездесті.

Тартысты белдесу қорытындысында Талғат Орынбасар 10:1 есебімен басым түсіп, Абу-Дабидегі Grand Slam турнирінің қола жүлдегері атанды. Ал Олимпиада чемпионы Елдос Сметов бұл жолы жүлдесіз қалды.

Сметов қола медаль үшін белдесуге қалай жетті?

Қазақстандық танымал дзюдошы турнирді сәтті бастаған. Ол алғашқы кездесулерінде тәжікстандық Мехрзод Суфиев пен қытайлық Ма Юлиньді жеңді. Ал ширек финалда әзербайжандық Балабей Агаевқа жол беріп, алтын медаль үшін күресті тоқтатты.

Осыдан кейін жұбаныш белдесуіне қатысқан Сметов украиналық Артем Лесюкті жеңіп, қола жүлде үшін айқасуға мүмкіндік алды. Бірақ шешуші кездесуде отандасынан ұтылды.

Талғат Орынбасар Grand Slam турнирінде жүлдегер атанды

Талғат Орынбасар да Абу-Дабидегі жарыста жоғары нәтиже көрсетті.

Қазақстандық дзюдошы турнир барысында ресейлік Турпал Хабибулаев пен ұлыбританиялық Чарли Эйрден басым түсті.

Жартылай финалда тәжікстандық дзюдошы Лоиқ Құдбудиновқа есе жібергенімен, қола медаль үшін өткен белдесуде Сметовті жеңіп кетті.

Сметов пен Орынбасардың жетістіктері

Елдос Сметов — Қазақстан тарихындағы ең табысты дзюдошылардың бірі. Оның еншісінде бірнеше ірі халықаралық жарыстың жүлдесі бар.

2024 жыл: Париж Олимпиадасының алтын медалі;

2016 жыл: Рио Олимпиадасының күміс медалі;

2020 жыл: Токио Олимпиадасының қола медалі;

2015 жыл: әлем чемпионы атағы.

Ал Талғат Орынбасар соңғы жылдары халықаралық аренада тұрақты нәтижесімен көзге түсіп жүр. Ол 2025 және 2026 жылдары Астанада ұйымдастырылған Grand Slam турнирлерінде күміс медаль жеңіп алған.

Сонымен қатар биыл Тбилисидегі Grand Slam кезеңінде қола жүлдеге ие болды. Енді қазақстандық дзюдошы өз жетістіктерін Абу-Дабидегі тағы бір қола медальмен толықтырды.

Бұл туралы не ойлайсыз?