Қуат Хамитов ресейлікпен жекпе-жек алдында бетпе-бет келді
Қазақстандық ММА файтері Қуат Хамитов пен ресейлік Алексей Махно ACA 209 турнирі қарсаңында дәстүрлі көз арбасу рәсімін өткізді.
ACA 209 алдында көз арбасты
Жекпе-жек алдындағы дәстүрлі шара Душанбедегі Теннис сарайы мен су спорты түрлері кешенінде ұйымдастырылды.
Қуат Хамитов пен Алексей Махно бір-біріне қарсы тұрып, көз арбасу рәсіміне қатысты. Бұған дейін екі файтер де ресми салмақ өлшеу кезеңінен сәтті өткен.
Қазақстандық және ресейлік файтер арасындағы кездесу 30 қазанда ACA 209 турнирі аясында жартылай орта салмақ дәрежесінде өтеді.
Төрт рет кейінге қалған жекпе-жек
Хамитов пен Махно арасындағы текетірестің тарихы бірнеше жыл бұрын басталған. Екі файтер Fight Nights Global ұйымында өнер көрсеткен кезден бері бір-біріне қарсы өткір мәлімдемелер жасап келеді.
Бірақ сол кезеңде олардың жекпе-жегін ұйымдастыру мүмкін болмады. Кейін қос файтер ACA лигасына ауысқан соң, өзара сөз тартысы одан әрі қыза түсті.
Қуат Хамитов ресейлік қарсыласын бірнеше рет спорттық мансабын аяқтауға мәжбүр ететінін айтқан. Ал Алексей Махно қазақстандық файтердің күрес шеберлігі мен сөйлеу мәнерін келемеждеген.
Бір қызығы, екі файтердің жекпе-жегі бұған дейін төрт рет ресми түрде өтпей қалған. Оның екеуі Fight Nights Global ұйымында, қалған екеуі ACA лигасында жоспарланған еді. Бұған файтерлердің жарақаттары, келісімшартқа қатысты келіспеушіліктер және ұйымдастырушылық мәселелер себеп болған.
Енді жанкүйерлер бірнеше жылдан бері жалғасып келе жатқан текетірестің октагонда қалай аяқталатынын 30 қазанда біле алады.