Қуат Хамитов ресейлік файтермен айқас алдында салмақ өлшеуден өтті
Хамитов пен Махно арасындағы кездесу ACA 209 турнирінің негізгі кардында өтеді.
Қазақстандық ММА файтері Қуат Хамитов ресейлік Алексей Махномен өтетін жекпе-жек алдында ресми салмақ өлшеу рәсімінен өтті. Қос спортшы 30 қазанда Тәжікстанның Душанбе қаласында өтетін ACA 209 турнирінде кездеседі.
Салмақ өлшеу кезінде Қуат Хамитовтың көрсеткіші 78 келі болды. Ал Алексей Махно 77,9 келі тартты.
ACA промоушенінде жартылай орта салмақ лимиті 77 келіні құрайды. Алайда чемпиондық атақ сарапқа салынбайтын жекпе-жектерде белгіленген межеден аздап артық салмаққа рұқсат етіледі.
Хамитов пен Махно арасындағы кездесу ACA 209 турнирінің негізгі кардында өтеді.
Жекпе-жек бұған дейін төрт рет өтпей қалған
Қуат Хамитов пен Алексей Махноның кездесуі бұған дейін бірнеше рет жоспарланғанымен, әртүрлі себеппен жүзеге аспады.
Файтерлер екі рет Fight Nights промоушенінде кездесуі керек болған. Кейін олардың жекпе-жегі ACA аясында тағы екі рет белгіленіп, екеуінде де өтпей қалған. Осылайша, 30 қазандағы кездесу – Хамитов пен Махноны октагонда кездестірудің бесінші талпынысы болмақ.