Қазақ футболы күрт өзгерді: олигархтар инвестор болды, фанаттар саны артты
Стадиондағы бір матчқа келетін орташа көрермен саны 4 326 адамнан 5 870 адамға дейін өсті. Бұл шамамен 36% өсім.
Қазақ футболында соңғы екі жылда айтарлықтай өзгеріс байқалады. Стадионға келетін көрермен саны өсті, ҚПЛ матчтарының YouTube-тағы аудиториясы артты, ал клубтарға ондаған миллиард теңге көлемінде инвестиция тартыла бастады.
Көрермен саны екі жылда 36%-ға өсті
Қазақ футболына бюджет қаржысы, келісілген матчтар мен төрешілік дауларға байланысты сын көп айтылады. Соған қарамастан, соңғы екі жылдың статистикасы жанкүйерлердің қызығушылығы күшейгенін көрсетеді.
Стадиондағы бір матчқа келетін орташа көрермен саны 4 326 адамнан 5 870 адамға дейін өсті. Бұл шамамен 36% өсім.
Өсім тек стадионмен шектелмейді.ҚПЛ матчтарының YouTube-тағы көрсетілімдері 10 миллионға жуық қаралым жинады. Бір жыл ішінде матчтардың онлайн аудиториясы 64%-ға артқан.
Бұл Қазақстан чемпионатына деген қызығушылықтың цифрлық платформаларда да айтарлықтай күшейгенін көрсетеді.
Қазақ футболына 45 млрд теңгеден астам инвестиция келді
Клубтарды жекешелендіру процесі де футболдағы өзгерістің маңызды бөлігіне айналды. Осы бағытта қазақ футболына 45 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылды.
Жеке инвесторлардың келуі клубтардың тек қаржыландыру моделін емес, инфрақұрылым, академия, маркетинг және жанкүйерлермен жұмыс істеу тәсілін де өзгерте бастады.
Дегенмен, қазақ футболындағы мәселелер әлі толық шешілген жоқ. Соған қарамастан соңғы екі жылдың көрсеткіштері жанкүйер қызығушылығы мен инвестициялық белсенділіктің анық өскенін аңғартады.