Penalty.kz қосымшасыГол туралы бірінші біліңіз Ашу
Футбол
Бөлімдер

Қазақстандық екі балуанның тағдыры шешілді

Астанада күрестен әлем чемпионатында Қазақстан құрамасының екі еркін күрес шебері әртүрлі нәтижеге қол жеткізді.

Қазақстандық екі балуанның тағдыры шешілді
Спортты дамыту дирекциясы

Мейрамбек Қартбайға екінші мүмкіндік берілді

57 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғаған Мейрамбек Қартбай әлем чемпионатындағы алғашқы белдесуінде жеңіліске ұшырады. Ол 1/16 финалда мексикалық Роман Гильермомен кездесіп, 2:5 есебімен есе жіберді.

Бірақ кейін қарсыласының сәтті өнер көрсетуі отандасымызға медаль үшін күресті жалғастыруға мүмкіндік берді. Мексикалық бозкілем шебері негізгі белдесулердің барлығында жеңіске жетіп, финалға шықты. Соның нәтижесінде Қартбай жұбаныш белдесулеріне қатысу құқығына ие болды.

Енді қазақстандық балуанның алғашқы қарсыласы Маврикийден келген Джон Кеннет Уиллберт Леопольд болады. Бұл кездесуде жеңіске жеткен жағдайда Қартбай қола медаль жолындағы күресін жалғастыра алады.

Азамат Дәулетбеков әлем чемпионатынан шығып қалды

Ал 92 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Қазақстан құрамасының тәжірибелі балуаны Азамат Дәулетбеков үшін әлем чемпионаты аяқталды.

Ол ширек финалда грузиялық Мириан Майсурадземен кездесіп, тартысты белдесуде 3:4 есебімен жеңіліп қалған еді. Осыдан кейін қазақстандықтың жұбаныш белдесулеріне қатысу мүмкіндігі грузиялық қарсыласының нәтижесіне байланысты болды.

Егер Майсурадзе финалға шыққанда, Дәулетбеков қола медаль үшін күресті жалғастыра алатын еді. Дегенмен жартылай финалда грузиялық балуан ресейлік Аманула Гаджимагомедовтен 2:3 есебімен жеңілді. Нәтижесінде Азамат Дәулетбеков жұбаныш белдесулеріне қатысу мүмкіндігінен айырылып, Астанадағы әлем чемпионатындағы өнерін аяқтады.

Бұл туралы не ойлайсыз?