Нұрқожа Қайпанов әлем чемпионатының финалына шықты
Отандасымыз жартылай финалда Жапонияның әлем чемпионы Ёсиносукэ Аоягиді жеңіп, Қазақстан құрамасының осы біріншіліктегі алғашқы финалисі атанды.
Әлем чемпионын қалай жеңді?
74 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің жартылай финалында қазақстандық балуан Ёсиносукэ Аоягимен белдесті. Әлем чемпиондары арасындағы тартысты кездесуде Нұрқожа Қайпанов қарсыласынан 3:1 есебімен басым түсті.
Сөйтіп отандасымыз өз жанкүйерлерінің алдында финалға шығып, алтын медаль үшін күресуге мүмкіндік алды.
Финалға дейін үш қарсыласын жеңді
Қазақстандық балуан әлем чемпионатындағы белдесулерін сенімді бастады. Алғашқы айналымда Косоводан келген Эгзон Хониді 10:0 есебімен мерзімінен бұрын жеңді. Келесі белдесуде әзербайжандық Тұран Байрамовқа еш мүмкіндік қалдырмай, 4:0 есебімен басымдық танытты.
Ал ширек финалда Тәжікстан атынан өнер көрсететін Виктор Рассадинді 11:0 есебімен ойсырата жеңді.
Жапониялық қарсыласы да әлем чемпионы
Нұрқожа Қайпановтың жартылай финалдағы қарсыласы Ёсиносукэ Аояги де әлемдік күресте жоғары нәтижелерге қол жеткізген тәжірибелі спортшы.
Жапониялық балуан 1/8 финалда Испания атынан сынға түскен Мохаммад Моттагинияны 4:1 есебімен жеңді. Кейін ширек финалда бахрейндық Магомедрасул Аслуевтен 5:2 есебімен басым түсті.
Қайпановтың жетістіктері
Нұрқожа Қайпанов бұған дейін де әлемдік аренада Қазақстанның намысын абыроймен қорғаған. Ол 2024 жылы әлем чемпионы атанса, 2019 жылғы дүниежүзілік додада күміс жүлде алған. Ал 2025 жылғы әлем чемпионатында қола медаль еншіледі.
Жапониялық Ёсиносукэ Аояги 2025 жылы әлем чемпионы атанып, 2024 жылғы біріншілікте күміс жүлдегер болған.
Айта кетейік, екі балуан да аталған жетістіктеріне 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қол жеткізген. Ал Астанадағы әлем чемпионатында олар 74 келіде бақ сынап жатыр.
Нұрқожа Қайпановтың жеңісі Қазақстан құрамасы үшін ерекше маңызға ие. Себебі бұған дейін елордада өтіп жатқан 2026 жылғы әлем чемпионатында қазақстандық балуандардың ешқайсысы финалға шыға алмаған еді.