Азия чемпионы қарсыласын нокаутқа түсірді
Таразда бокстан Қазақстан чемпионатында әйелдер арасындағы аса ауыр салмақ дәрежесінің екінші финалисі белгілі болды.
Қарсыласын техникалық нокаутпен жеңді
Әйелдер арасындағы 80 келіден жоғары салмақ дәрежесінің жартылай финалында Қарағанды облысының өкілі Дина Исламбекова мен Алматы қаласының боксшысы Әсел Тоқтасын кездесті. Жекпе-жек алғашқы раундтан-ақ тартысты басталды. Исламбекова қарсыласына қысым көрсетіп, бірінші раундта нокдаунға түсірді.
Екінші раундта да қарағандылық боксшы басымдығын сақтап, Әсел Тоқтасынға тағы бір нокдаун есептелді. Осы сәттен кейін төреші кездесуді тоқтату туралы шешім қабылдады. Нәтижесінде Дина Исламбекова екінші раундта техникалық нокаутпен жеңіске жетіп, Қазақстан чемпионатының финалына шықты.
Финалда екі Азия чемпионы кездеседі
2026 жылғы Азия чемпионы Дина Исламбекова енді шешуші жекпе-жекте Алматы қаласының өкілі Елдана Тәліповамен қолғап түйістіреді. Айта кетейік, Елдана Тәліпова жартылай финалда Ақмола облысының боксшысы Валерия Аксенованы төрешілердің бөлек шешімімен 4:1 есебімен жеңген.
Тәліпова – 2024 жылғы Азия чемпионы және 2025 жылғы әлем чемпионаттарының жүлдегері. Сөйтіп 80 келіден жоғары салмақ дәрежесіндегі алтын медаль үшін екі Азия чемпионы өзара мықтыны анықтайды.
Ел біріншілігінде жалпы 20 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Оның оны ерлерге, қалған оны әйелдерге арналған салмақ дәрежелерінде табысталады.