Аида Әбікеева қарсыласына мүмкіндік бермеді
Екі дүркін әлем чемпионы Аида Әбікеева Таразда бокстан Қазақстан чемпионатында алтын медаль үшін таласуға мүмкіндік алды.
Айқын жеңіс
Қарағанды облысының намысын қорғайтын Аида Әбікеева 65 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің жартылай финалында Батыс Қазақстан облысының өкілі Ақнәр Исановамен кездесті. Үш раундқа созылған жекпе-жекте Әбікеева өзінің шеберлігін көрсетіп, төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен 5:0 есебімен жеңіске жетті.
Осылайша қарағандылық боксшы Қазақстан чемпионатының финалына шығып, алтын жүлдеге бір табан жақындады. Ал Ақнәр Исанова жарысты қола медальмен аяқтады.
Айта кетейік, Аида Әбікеева – Қазақстан әйелдер боксының көшбасшыларының бірі. Ол 2025 жылы World Boxing және IBA ұйымдары өткізген әлем чемпионаттарында топ жарып, екі мәрте әлем чемпионы атанған. Сонымен қатар 2024 жылы Азия чемпионатының алтын медалін жеңіп алған.
Енді тәжірибелі былғары қолғап шебері ел біріншілігінің шешуші жекпе-жегінде Қазақстан чемпионы атағы үшін сынға түседі.
Қазақстан чемпионаты қашан аяқталады?
Еске салайық, бокстан ерлер мен әйелдер арасындағы Қазақстан чемпионаты 30 қазан мен 6 қараша аралығында Таразда өтіп жатыр.
Ел біріншілігінде боксшылар чемпиондық атақтар мен жүлделі орындар үшін бақ сынауда.