
Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Жалғас Жұмағұлов UFC-ке қайта оралу ықтималдығы туралы Cuba Boxing Club YouTube арнасына берген сұхбатында айтып өтті.
"Қайта оралу жоспарда бар. Сол аренаға қатты ұмтылып жүрмін, өйткені ол жақта менің аяқталмаған ісім қалды. Қазір барсам, өзімді толықтай көрсете алатыныма сенемін. UFC бұл туралы біледі — мен қазір сол жақта резервтегі спортшымын. Бірақ тек мықты, танымал қарсыластардың орнына ғана шыға аламын. Жас, есімі аз белгілі спортшылармен маған жекпе-жек берілмейді — олар менен қауіптенеді", — дейді Жалғас.
Қазір Жұмағұлов Oktagon MMA промоушнының сапында. Айтуынша, оған бірден чемпиондық белбеу үшін жекпе-жек берілген.
"Бұл ұйымға келген соң, барлық қарсыласты жеңіп өттім. Ешкім менімен жекпе-жекке шыққысы келмейді. Сол себепті бірден титулдық жекпе-жекке жолдама берді. Қазір маған қойған міндет — сол белбеуді жеңіп алу", — дейді ол.