
Қазақстандық былғары қолғап шебері осы аптаның сенбісінде франциялық боксшыға қарсы титулдарын қорғайды.
Орта салмақта IBF және WBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы (16-0, 11 КО) 5 сәуірде Астанадағы "Барыс Аренада" өтетін Battle of the Brave кәсіби бокс кешінде титулдарын қорғайды. Бұл жолы ол франциялық Анауэль Нгамиссенгемен (14-0, 9 КО) жұдырықтасады. Қос боксшының да жеңілісі жоқ, ал жекпе-жекте екі белбеу де сарапқа салынады.
Жәнібек Әлімханұлының жаңа бапкері, танымал маман Марко Контрерас өз шәкіртінің болашағына зор сеніммен қарайтынын мәлімдеді. Legalbet.kz порталына берген сұхбатында ол:
«Қазір Жәнібек орта салмақтағы ең мықты боксшы. Егер басқа чемпиондар оған қарсы шығуға келіссе, ол абсолютті чемпион атануы әбден мүмкін», — деді.
Айта кетейік, бұл кездесуге дейін Жәнібек бапкерін ауыстырды. Бұрын ол Брайан Вилория және Бадди Макгирт секілді мықты мамандармен жұмыс істесе, енді Александр Гвоздик пен Василий Ломаченкода тәжірибе жинаған Марко Контрерасқа сенім артты.
5 сәуірде өтетін жекпе-жек Жәнібек үшін аса маңызды болмақ. Бұл – оның отанында өткізетін сирек кездесулерінің бірі ғана емес, сондай-ақ абсолютті чемпиондыққа апарар жолдағы шешуші кезең. Кездесуде жеңіске жетсе, қазақстандық боксшының орта салмақтың толыққанды королі атану мүмкіндігі арта түседі.