Димаш Құдайберген тегін концерт бермек
Өнер иесі "Türk Telekom" басты сахнасында жергілікті уақыт бойынша 20:00-де өнер көрсетеді.
Қазақстанның Халық әртісі, әлемге танымал әнші Димаш Құдайберген Түркияның Ыстамбұл қаласында өтетін ірі мәдени шарада концерт береді.
Өнер иесі VIII Этноспорт мәдениеті фестивалі аясында өнер көрсетеді. Ол 21-24 мамыр күндеріне жоспарланған.
Ауқымды шара Ататүрік атындағы әуежай аумағында ұйымдастырылады. Фестивальді Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясы өткізеді.
Димаштың концерті қашан басталады?
Димаш Құдайбергеннің жеке концерті 23 мамыр күні өтеді. Әнші жергілікті уақыт бойынша 20:00-де "Türk Telekom" басты сахнасында өнер көрсетеді.
Концертте Димаштың әлемдік деңгейде танымал әндері орындалады деп күтіледі. Бұл шараға Түркиядағы және басқа елдердегі жанкүйерлері де қатысуы мүмкін.
Этноспорт мәдениеті фестивалі жыл сайын ауқымын кеңейтіп келеді. 2025 жылы бұл шараға шамамен 1 миллионға жуық адам қатысқан.
Биыл ұйымдастырушылар келушілер санын 1,5 миллионға жеткізуді жоспарлап отыр. Димаш Құдайбергеннің фестивальге қатысуы көрермен қызығушылығын арттыра түсетіні анық.
Концерт пен фестиваль тегін өтеді
Фестивальдің басты ерекшелігі — барлық іс-шара көпшілікке тегін болады. Бұл тыңдармандарға әлемдік деңгейдегі қазақстандық әншінің өнерін еркін тамашалауға мүмкіндік береді.