
Футболшы «Парма» клубының жейдесін киеді деген ақпар бар.
Қырғыз футболының басты үміттерінің бірі — Ержан Тоқотаев алдағы уақытта Еуропа аренасына аяқ басуы мүмкін. Aladop.kz мәліметінше, қақпашы италиялық «Парма» клубымен бір жылдық келісімшарт жасасады.
Бұған дейін Қазақстан чемпионатының «Тұран» және «Каспий» клубтарында (2022–2023 жж.) өнер көрсеткен 25 жастағы қақпашы қазіргі таңда Түркия Бірінші лигасының «Шанлыурфаспор» командасының намысын қорғап жүр. Енді ол А Сериясында өнер көрсетуге жақын.
«Парма» қазіргі таңда А Сериясының турнирлік кестесінде 31 турдан кейін 16-орында келеді.
Бұған дейін Ержан Тоқотаевқа тек Италия ғана емес, Ресей Премьер-Лигасы (РПЛ) мен Футбол ұлттық лигасы (ФНЛ), сондай-ақ Еуропаның бірнеше командасы қызығушылық танытып отырғаны жайлы ақпарат тараған болатын.
Ержан Тоқотаев биыл 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңі аясында өткен Өзбекстанға қарсы ойында ерекше көзге түсті. Ташкентте өткен кездесуде ол бірнеше маңызды сейв жасады. Эльдор Шомуродовтың пенальтиін қайтарды.