
Футбол тарихында үш мәрте «Алтын доп» жеңіп алған француз аңызы Мишель Платини үздік футболшылар тізімін жасап, көпшілікті таңғалдырды.
Футбол әлеміндегі ең беделді тұлғалардың бірі, үш мәрте «Алтын доп» иегері болған Мишель Платини тарихтағы ең үздік футболшыларды атады. Аты аңызға айналған француз ойыншысы өз пікірін 2011 жылы берген сұхбатында білдірген болатын.
Мишель Платини футбол тарихын бірнеше кезеңге бөліп қарастырып, әр дәуірдің өз «патшасы» бар екенін алға тартты:
«Лионель Месси — нағыз гауһар тас. Бірақ әр буын өзінің заманының үздігін ең мықты деп санайды. Пеле 50–60 жылдардың, Кройф 70-тің, Зидан 2000 жылдардың үздігі болса, қазіргі кезде бұл — Месси», — деді Платини.
Тізімнен Диего Марадонаның да, Криштиану Роналдудың да табылмауы көпшілік үшін тосын жайт болды. Әсіресе, Марадона жиі Пелемен бірге тарихтың ең мықты ойыншысы ретінде аталады.
Платини Криштиану Роналду жайында да жақсы пікірде болған. Мессимен салыстыра келе, олардың ойын стилінің өзгешелігін айтып, екеуін де жоғары бағалаған болатын. Алайда, тікелей үздіктер қатарына қоспаған.