Футбол — бұл тек спорт емес, әлемдік мәдени феномен. GiveMeSport сайты тарихтағы ең көп қаралған 10 матчтың тізімін жариялады. Бір финалды әлем халқының бестен бірі – 1,5 миллиард адам тамашалаған!
GiveMeSport дерегінше, ең көп қаралған матчтардың басым бөлігі – әлем чемпионатының финалдары. Жанкүйерлердің назары, толы стадион, ұлттық драма — осының бәрі экран алдына бүкіл әлемді біріктірді.
Ең көп қаралған 10 футбол матчы
- ӘЧ-2022 финалы, Аргентина – Франция — 1,5 миллиард көрермен. Әлем халқының 18–19 пайызы. Месси мен Мбаппе дуэлі тарихтағы ең эпикалық финал ретінде бағаланған.
- ӘЧ-1998 финалы, Франция – Бразилия — 1,3 миллиард көрермен. Зиданның екі голы мен Бразилияның күтпеген күйреуі.
- ӘЧ-2018 финалы, Франция – Хорватия — 1,12 миллиард көрермен. Француздардың жаңа буыны триумфқа жеткен жыл.
- ӘЧ-2002 финалы, Бразилия – Германия — 1,1 миллиард көрермен. Роналдоның екі голы — Бразилияның бесінші титулы.
- ӘЧ-2014 финалы, Германия – Аргентина — 1,01 миллиард көрермен. Гётценің «алтын добы» Мессидің арманына тосқауыл болды.
- ӘЧ-2010 финалы, Испания – Нидерланд — 909 миллион көрермен. Иньестаның голы Испанияға алғашқы әлем чемпиондығын сыйлады.
- ӘЧ-2006 финалы, Италия – Франция — 715 миллион көрермен. Зиданның атақты бас соққысы және Италияның төртінші кубогы.
- ЧЛ-2021/22 финалы, Реал Мадрид – Ливерпуль — 700 миллион көрермен. Куртуа шоуы және «Реалдың» 14-ші чемпиондық атағы.
- Эль Класико-2017/18, Реал Мадрид – Барселона — 650 миллион көрермен. Месси мен Роналдудың соңғы дуэльдерінің бірі.
- ЧЛ-2017/18 финалы, Реал Мадрид – Ливерпуль — 400–500 миллион көрермен. Бэйлдің керемет голы мен «Реалдың» үштік триумфы.