Енді ұлттық құрамамен Испаниядан келген аспаз пен кәсіби нутрициолог жұмыс істейтін болады.
Өзбекстан құрамасында тағы да кадрлық өзгерістер болды. Өзбекстан футбол қауымдастығының мәліметінше, енді ұлттық құрамамен Испаниядан келген аспаз пен кәсіби нутрициолог жұмыс істейтін болады. Бұл мамандардың негізгі міндеті – футболшылардың дұрыс тамақтануын қамтамасыз етіп, олардың ағзасын 2026 жылғы әлем чемпионатына дайындау.
«Бүгінгі футболда дұрыс тамақтану табыстың маңызды бөлігі саналады. Себебі ойыншылар энергиясын сақтап, дене салмағын тұрақты деңгейде ұстауы керек. Сол себепті құрамаға арнайы тамақтану бойынша мамандар шақыртылды», - делінген мәліметте.
Upl.uz басылымының дерегінше, жергілікті футбол қауымдастығының мұндай қадамға баруы бекер емес, себебі бұған дейін жанкүйерлер әлеуметтік желілерде Өзбекстан құрамасының футболшыларын «палауды тым көп жейді, сондықтан жүгіре алмайды» деп сынаған.
«Енді футболшылардың мәзірінде палау емес, дұрыс әрі теңгерімді тамақ басым болатын секілді», - деп нақтылады басылым.
Айта кетейік, қазір Өзбекстан құрамасын Фабио Каннаваро баптайды. Өзбекстан құрамасының тізгінін ол 6 қазанда қолына алды. 9 қазанда Кувейтке қарсы ойында дебютін өткізіп, Ташкенттегі матчта 2:0 есебімен жеңді.
Каннаваро – футбол тарихында «Алтын доп» иеленген санаулы қорғаушылардың бірі. Оған бұл марапат 2006 жылы Италия құрамасының әлем чемпионатындағы жеңісінен кейін берілді.