Отандасымыз «Хартсқа» еркін агент ретінде ауысып отыр.
Шотландияның «Хартс» футбол клубының бас бапкері Дерек Макиннес Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Ислам Чесноковтың командаға қосылу уақыты туралы пікір білдірді.
Бас бапкердің айтуынша, қазақстандық футболшы алдағы бірнеше күн ішінде «Хартстың» жаттығу лагеріне келіп қосылады.
«Біз лигада көш бастап келе жатқанымыз „Барселона“ болғанымыздан емес және өзімізді біреудей сезінгендіктен емес. Бұл — ойынның негізгі талаптарын дұрыс орындай алғанымыздың нәтижесі. Егер сол негіздерді сақтай алмасаң, жеңіс сериясы ұзаққа бармайды. Енді құрамды барынша күшейткіміз келеді. Ислам Чесноков жақын күндері келеді. Сондай-ақ тағы бір-екі трансфер бойынша жақсы жаңалық күтемін», — деді Макиннес BBC-ге берген сұхбатында.
Ислам Чесноков «Хартсқа» еркін агент ретінде ауысып отыр. Бұған дейін ол Қостанайдың «Тобыл» клубының намысын қорғаған.
Айта кетейік, «Хартс» қазіргі таңда Шотландия Премьер-лигасында көш бастап тұр. Эдинбургтік клуб екінші орында келе жатқан «Селтиктен» үш ұпай алда.