Фанаттар Қазақстанда латын әліпбиіне көшу үдерісі әлі толық аяқталмағанын алға тартып отыр.
Қостанайда «Тобылдың» жаңа логотипіне қатысты жанкүйерлер наразылық білдіріп жатыр. Бұл туралы goalkz_official Инстаграм-парақшасы хабарлады.
Атап айтқанда, бір топ фанат Қазақстанда латын әліпбиіне көшу үдерісі әлі толық аяқталмағанын алға тартып, клуб атауының өзгеруіне наразылық білдірген. Олардың пікірінше, футбол клубы – тек спорттық ұжым емес, ел мен қаланы халықаралық деңгейде танытатын бренд.
«Бүгінгі таңда латын қарпіне көшу ресми түрде аяқталған жоқ, ал футбол клубы Қазақстанды шетелде де таныстыратын маңызды бренд», – делінген жанкүйерлердің үндеуінде.
Жанкүйерлердің айтуынша, еурокубоктар мен шетелдік медиада Tobyl атауы әртүрлі оқылып, дұрыс айтылмауы мүмкін. Бұл жағдай брендтің танылуына кері әсерін тигізеді деп есептейді.
«Ағылшын тілді аудитория үшін атау “Тобул” немесе “Тобил” ретінде қабылдануы ықтимал. Бұл брендтің тұтастығын бұзады», – дейді олар.
Бұдан бөлек, клуб басшылығының жанкүйерлермен кеңеспей, шешімді біржақты қабылдағаны да сынға алынды.
«Шешім талқылаусыз, диалогсыз қабылданды. Клуб сауалнама, конкурс немесе қоғамдық талқылау өткізе алар еді, бірақ ол жасалмады», – делінген мәлімдемеде.
Сонымен қатар жанкүйерлер ребрендингті клубтағы шешілмеген мәселелерден назарды аудару әрекеті деп бағалайды. Фанаттар ФИФА тарапынан салынған тыйым, ойыншылар мен қызметкерлер алдындағы қарыздар, сондай-ақ клубтағы басқару мәселелерін атап өткен.
Оқи отырыңыздар:
Қызылордалық "Қайсар" логотипін өзгертті