"Хартс" Шотландия чемпионатының 22-турында қонақта "Дандиге" қарсы өте ауыр матчта үш ұпай алып қайтты.
Кездесудің жалғыз әрі шешуші голын Клаудио Брага 27-минутта соқты. Осылайша "Хартс" алғашқы таймда-ақ есепте алға шықты.
Алайда қонақтардың жеңісі оңай келген жоқ. 45+5 минутта "Хартс" қақпашысы Александер Шволов қызыл қағаз алып, команда екінші таймды толық 10 ойыншымен өткізуге мәжбүр болды. Соған қарамастан "Хартс" қорғаныста сауатты ойнап, есепті сақтап қалды.
Бұл жеңістен кейін "Хартс" 47 ұпай жинап, Шотландия чемпионатындағы көшбасшылығын күшейтті. Ал "Данди" 22 ұпаймен тоғызыншы орында қалды.
Еске салайық, жуырда "Хартс" сапына қазақстандық вингер Ислам Чесноков қосылған еді. "Дандиге" қарсы ойында ол команданың өтініміне енді. Бірақ матчты қосалқы құрамда аяқтады.