Карло Анчелотти Неймардың басты кемшілігін атады
Бразилия құрамасының бас бапкері Карло Анчелотти 2026 жылғы әлем чемпионатындағы Неймардың жағдайына қатысты пікір білдірді.
Бразилия құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатында сәтсіз нәтиже көрсеткеннен кейін команда ішіндегі жағдай мен ойыншылардың дайындығына қатысты талқы әлі де қызу жүріп жатыр. Жуырда бас бапкер Карло Анчелотти Неймардың мундиаль кезіндегі рөліне жеке тоқталды.
Карло Анчелоттидің айтуынша, Неймар турнир басталғанға дейін жақсырақ дайындалуы керек болған. Бапкердің көңілі толмаған басты мәселе де осы.
"Мені ашуландырған жалғыз нәрсе — Неймар турнир басталғанға дейін жақсырақ жаттығып, бірінші матчқа әлдеқайда жақсы күйде келуі керек еді. Төртінші ойынға емес. Мені ашуландырған жалғыз нәрсе осы болды", — деді Анчелотти.
Соған қарамастан, Анчелотти Неймардың мінез-құлқы мен кәсіби көзқарасына шағымы жоқ екенін атап өтті.
"Бұдан басқа, ойыншының тәртібі мінсіз болды. Ол қалпына келуге жақсы көңіл бөлді, командаға көмектесті және жаттығуларда өте салмақты әрі жинақы болды", — деді Бразилия құрамасының бас бапкері.
Неймар турнирде екі матчқа қатысты
2026 жылғы әлем чемпионатында Неймар алаңға бар болғаны екі ойында шықты.
Ол топтық кезеңде Шотландияға қарсы кездесудің соңында қосалқы құрамнан алаңға шықты. Бұл матчта Бразилия 3:0 есебімен жеңіске жеткен еді.
1/8 финалда Норвегияға қарсы матчта да дәл солай болды. Кездесудің 67-минутында ойынға қосылды. Алайда бұл матч Бразилия үшін сәтсіз аяқталды. Норвегия 2:1 есебімен жеңіске жетіп, Бразилия құрамасын турнирден шығарды.