Penalty.kz қосымшасыГол туралы бірінші біліңіз Ашу
Футбол
Бөлімдер

Қазақстан Молдованы 2:0 есебімен ұтып жатып, жеңіліп қалды

Футболдан Қазақстанның жастар құрамасы Еуро-2027 іріктеуіндегі соңғы кездесуінде Молдоваға есе жіберді.

Қазақстан Молдованы 2:0 есебімен ұтып жатып, жеңіліп қалды
instagram@kff_team

Попов пен Оматай Қазақстанды алға шығарды

Қазақстан құрамасы ойынды сәтті бастады. 13-минутта Мағжан Тоқтыбайдың пасынан кейін Сэйф Попов қақпашымен жеке шығып, допты оның үстінен асыра тастады.

38-минутта Мирас Оматай есепті 2:0-ге жеткізді. Бірақ үзіліске дейін алаң иелері қарымта гол соғып үлгерді: ұзаққа созылған шабуылды Василе Лучице нәтижелі аяқтады.

Үш футболшы алаңнан қуылды

Бірінші тайм аяқталғаннан кейін ойыншылар арасында жанжал туындады. Төреші бірнеше футболшыға ескерту жасап, спортқа жат қылығы үшін Лучицені алаңнан қуды.

Екінші таймда Қазақстан да сандық басымдығынан айырылды. Оматай екінші сары қағазын алып, кездесуді ерте аяқтады.

72-минутта Сергей Туркан қорғаушылардың сыртына бағытталған пасты пайдаланып, таразы басын теңестірді. 

Кейін Қазақстан жастар құрамасының капитаны Сұлтан Асқаров та екінші сары қағаз үшін алаңнан қуылды. Осылайша қазақстандықтар матчтың соңғы бөлігінде тоғыз ойыншымен қалды.

Соңғы минуттағы гол матч тағдырын шешті

Кездесудің соңына қарай Шерхан Қалмырза қатарынан екі соққыны қайтарып, қақпасын голдан аман алып қалды. Бірақ 90-минутта алаң иелері жеңіс добын соқты.

Қапталдан жеткізілген пастан кейін Туркан дубль жасап, Молдоваға 3:2 есебімен жеңіс әкелді.

Қазақстан U-21 құрамасы осы кездесумен 2027 жылғы жастар арасындағы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңіндегі ойындарын аяқтады.

Бұл туралы не ойлайсыз?