Қазақстандық футболшы 23 жасында мансабын аяқтады
Әлішер Сүлеймен "Атырау", "Жеңіс" және "Тараз" клубтарының намысын қорғады.
Қазақстандық қақпашы Әлішер Сүлеймен 23 жасында кәсіби футболдағы мансабын аяқтады. Бұл туралы Бірінші лигада өнер көрсететін "Тараз" клубының баспасөз қызметі хабарлады.
Клуб Сүлейменге 2026 жылғы маусымдағы еңбегі үшін алғыс білдіріп, оның еңбекқорлығы, жауапкершілігі және командаға қосқан үлесін атап өтті.
"Тараз" сапында өткізген осы маусым үшін рақмет! Жаттығудағы еңбегің, алаңдағы сабырлылығың мен жауапкершілігің үшін алғыс айтамыз. Командаға алаңда да, одан тыс жерде де қосқан үлесің біз үшін қымбат. Кәсіби мансапты аяқтау оңай емес. Артта талай жылғы жаттығулар, жиындар, жеңістер мен тартысты матчтар қалды. Алдағы өміріңде футболдай жаныңа жақын іс табуыңа тілектеспіз!", – деп жазды клуб өкілдері әлеуметтік желідегі респи парақшада.
Қақпашы "Таразға" 2026 жылдың қаңтарында еркін агент ретінде қосылған болатын.
Бұған дейін "Атырау" мен "Жеңісте" ойнады
Әлішер Сүлеймен "Таразға" "Атыраудан" ауысып келді. Ол бұған дейін өзі түлеп ұшқан елордалық "Жеңіс" клубының намысын қорғады. Астаналық команда сапында Қазақстанның Бірінші және Екінші лигаларында өнер көрсетті.
2021 жылы Сүлеймен "Жеңіс" құрамында Қазақстан Екінші лигасының қола жүлдегері атанды. Сондай-ақ қақпашы Қазақстанның U19 жасөспірімдер құрамасына шақырылып, ұлттық команда сапында бір матч өткізді.
Осылайша, 23 жастағы футболшы кәсіби мансабын "Тараз" клубында аяқтады.