УЕФА Темірлан Анарбековтің сейвін үздіктер қатарына қосты
6 қарашаға қараған түні "Қайрат" сырт алаңда "Аталантамен" 1:1 есебімен тең түсті.
УЕФА алматылық "Қайрат" қақпашысы Темірлан Анарбековтің Конференциялар лигасының жалпы кезеңінің үшінші турында "Аталантаға" қарсы көрсеткен ойынын назардан тыс қалдырмады.
Еуропалық футбол қауымдастықтары одағы ойын күніндегі ең әсерлі қақпашы сейвтерінің топтамасын жариялап, қазақстандық голкипердің бір эпизодын үздіктер қатарына қосты.
Анарбеков жеті қақпашының қатарына енді
Турнирдің Instagram-дағы ресми парақшасында үшінші турдағы ең үздік сейвтерден арнайы бейнежинақ жарияланды.
"Үшінші турдағы бірнеше ғажап сейв! Үздігі кім – Анарбеков, Бакхаус, Ройс, Кокубо, Лундин, Дроммел әлде Ханкинс?" – делінген УЕФА жарияланымында.
Осылайша, 23 жастағы Темірлан Анарбеков жанкүйерлер таңдауы үшін ұсынылған жеті қақпашының қатарына кірді.
"Қайрат" Бергамода сенсациялық нәтиже көрсетті
6 қарашаға қараған түні "Қайрат" сырт алаңда "Аталантамен" 1:1 есебімен тең түсті.
Матч барысында Анарбеков алты сейв жасап, италиялық клубтың бірнеше қауіпті шабуылында командасын құтқарып қалды.
53-минутта Марк Гуаль алматылықтарды алға шығарды. Алайда 82-минутта Никола Крстович есепті теңестірді.
Нәтижесінде "Қайрат" Бергамодан бір ұпай алып қайтты.
УЕФА Анарбековті биыл екінші рет атап өтті
Бұл – Темірлан Анарбековтің биылғы Конференциялар лигасында УЕФА назарын екінші рет аударуы.
Бұған дейін турнирдің алғашқы турында "Ригаға" қарсы сырт алаңдағы матчта қазақстандық қақпашы пенальтиді қайтарған еді. Сол сейв те УЕФА-ның үздік эпизодтар топтамасына енген.
Айта кетейік, алматылық клуб келесі кездесуін 26 қарашада өз алаңында швециялық "Мьельбюге" қарсы өткізеді.