Penalty.kz қосымшасыГол туралы бірінші біліңіз Ашу
Футбол
Бөлімдер

Қазақстан құрамасының экс-қақпашысы Ван ’т Шкипті сынға алды

Алмат Бекбаев ұлттық команданың Молдоваға қарсы ойынына қатысты пікір білдірді.

Матч беті Молдова 2:1 Қазақстан 13 қараша, жұма · Ұлттар лигасы, 5-тур Голдар мен құрамдар →
Қазақстан құрамасының экс-қақпашысы Ван ’т Шкипті сынға алды
Instagram/@kff_team

Бекбаев футболшылардың ойынын бойкотқа ұқсатты

Бұрын "Ордабасы" мен Қазақстан құрамасының қақпасын қорғаған Бекбаев ASnews.kz басылымына сұхбат берді. Ұлттық команда Ұлттар лигасының бесінші турында Молдоваға 1:2 есебімен есе жіберген еді.

Экс-қақпашының пікірінше, команданың сәтсіздігіне ойыншылар мен бапкер арасындағы қарым-қатынас әсер етуі ықтимал.

"Бұрынғы футболшы ретінде білемін: біреудің қол астында ойнағың келмесе, осындай әрекеттерге барасың. Бұл ұжымдық бойкотқа ұқсайды. Оның белгілері өз алаңымыздағы матчтарда да байқалған. Футболшылар жоғарыда отырғандарға: "Бізге бұл бапкер керек емес, ауыстырыңдар", — деп тұрғандай", — деді Бекбаев.

Ол наразылық Қазақстан футбол федерациясының басшылығына да бағытталуы мүмкін деген болжамын жеткізді.

"Бәлкім, бұл ҚФФ президентіне қатысты ишара шығар: "Омаровтың басқарғанын қаламаймыз" дегендей. Ол келгелі ісіміз жүрмей қойды. Рейтингте шамамен бұрынғы орнымызда тұрғанымызбен, ойынның өзінде мәселе бар екені анық", — деп есептейді бұрынғы қақпашы.

Бекбаевтың бойкот туралы айтқаны — оның жеке пайымы.

"Голландиялық әдістемені көрмедім"

Бекбаев сәтсіз нәтижелер үшін жауапкершілікті футболшыларға ғана жүктемей, бас бапкердің жұмысын да қатаң сынға алды.

"Ван ’т Шкипті әлсіз, біліктілігі жеткіліксіз бапкер деп санаймын. Кейбір футболшылар оны аудармашысыз түсінсе де, тілдік кедергі бар. Голландиялық әдістемені байқамадым: допты бақылау да, мықты қорғаныс та, стандартты жағдайлардағы нәтиже де жоқ", — деді ол.

Молдоваға қарсы кездесудегі жеңілістен кейін Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасының плей-офф кезеңіне шығу мүмкіндігінен айырылды.

Джон ван ’т Шкип ұлттық команданы биыл тамызда қабылдаған. Бұған дейін "Аякс" пен Грекия құрамасын жаттықтырған маманның жетекшілігімен қазақстандықтар бес матч өткізіп, бірде-бір жеңіске жете алмады.

Бұл туралы не ойлайсыз?