Еуропа лигасы матчы жаппай төбелеске ұласты
Соның кесірінен түркиялық "Бешикташ" пен израильдік "Хапоэль" арасындағы ойын уақытқа тоқтатылды.
Еуропа лигасының жалпы кезеңінде түркиялық "Бешикташ" пен израильдік "Хапоэль" (Беэр-Шева) арасындағы матчта жаппай төбелес болып, ойын кездесудің бірінші таймында уақытша тоқтатылды.
Кездесу қауіпсіздік мәселелеріне байланысты Грузияның Батуми қаласындағы бейтарап алаңда өткен ойында жанкүйерлер мен тәртіп сақшылары арасында қақтығыс туған.
Anadolu агенттігінің мәліметінше, полиция Палестина туын ұстаған жанкүйерге бұрыш баллонын қолданған. Сонымен қатар трибунада "Бешикташ" жанкүйерлері Палестинаны қолдайтын баннер жайған.
Әлеуметтік желіде тараған видеолардан жанкүйерлердің полицияға орындық лақтырғанын, ал тәртіп сақшылары арнайы құралдар қолданғанын көруге болады.
Ойын уақытша тоқтатылды
Трибунадағы жағдай ушығып кеткеннен кейін төрешілер екі команданы киім ауыстыратын бөлмеге жіберді. Біраз уақыт өткен соң тәртіп қалпына келтіріліп, кездесу қайта жалғасты.
Израильдің Ynet басылымының мәліметінше, ойын басталар алдында "Бешикташ" футболшылары қарсылас команда ойыншыларымен қол алыспаған.
Оқиғадан кейін "Бешикташ" X әлеуметтік желісінде Грузия полициясын жанкүйерлерге "шамадан тыс күш қолданды" деп айыптады.
Түркияның бірқатар клубы, соның ішінде "Фенербахче" мен "Трабзонспор" да мәлімдеме жасап, "Бешикташқа" қолдау білдірді.
Матч Батумиге ауыстырылған
Бастапқыда кездесу Ыстамбұлда өтуі тиіс болған. Алайда қауіпсіздік себептеріне байланысты матчты ел аумағында өткізу мүмкін емес екені хабарланды. Осыдан кейін ойын Батумиге ауыстырылды.
"Бешикташтың" Грузияға сапары да қиындықсыз өтпеді. Қолайсыз ауа райына байланысты команданың чартерлік ұшағы Батумиге қона алмай, Түркияның Ризе қаласына бағытталған. Одан кейін футболшылар Грузияға автобуспен жеткен.