Дастан Сәтпаевтың клубы 17 жастағы талантты қатарына қосты
Отандасымыз да 16 жасында лондондық клубпен келісімшарт жасасқан еді.
Лондонның "Челси" клубы Буркина-Фасо құрамасының жас жартылай қорғаушысы Мұхамед Зонгомен келісімге келді.
Фабрицио Романоның мәліметінше, трансферге қатысты барлық құжат рәсімделген. Футболшы 18 жасқа толғаннан кейін тікелей "Челсиге" қосылады.
"Страсбурға" жалға берілмейді
Бастапқы жоспар бойынша Зонго "Челсидің" серіктес клубы саналатын Францияның "Страсбур" командасына барып, ойын тәжірибесін жинауы мүмкін еді. Алайда кейін бұл жоспар өзгерген. Инсайдер дерегіне сәйкес, 18 жасқа толғаннан кейін футболшы бірден Лондон клубының қатарына қосылады.
Трансфер ресми түрде ойыншы кәмелетке толғаннан кейін жарияланады.
Зонго 17 жасқа толды
Мұхамед Зонго қазір Буркина-Фасоның "Спортинг де Каскад" клубында өнер көрсетеді. Ол 26 қарашада 17 жасқа толды.
2026 жылдың қазанында жас жартылай қорғаушы Буркина-Фасоның негізгі құрамасы сапында дебют жасады.
U-17 әлем чемпионатында көзге түсті
Зонго 2025 жылы Қатарда өткен 17 жасқа дейінгі футболшылар арасындағы әлем чемпионатында да жоғары нәтиже көрсетті.
Турнирде ол 2 гол соғып, 3 нәтижелі пас берді. Буркина-Фасо құрамасы жарыстың ширек финалына дейін жетті. Осы өнерінен кейін жас ойыншы Еуропаның ірі клубтарының назарына іліккен.
Айта кетейік, қазақстандық шабуылшы Дастан Сәтпаев та 18 жасқа толғаннан кейін "Челси" ойыншысы атанды. Кейін "Бёрнли" клубына жалға берілді.