Қазақстанның үздік волейболшысы Сербияда неге таңғалғанын айтты
Қазақстан әйелдер құрамасының капитаны Сана Анарқұлова өткен маусымда Сербия чемпионатында ойнаған. "УБ" клубының құрамында өнер көрсеткен ол ел біріншілігінің күміс жүлдегері атанды.
Sport+ порталына берген сұхбатында Анарқұлова Сербия мен Қазақстан волейболының арасындағы басты айырмашылықтарды, сонымен қатар Сербияда ойнай алатын үш отандасын атады.
“Мені шокқа түсірді”: Сербиялық волейбол туралы
“Сербиялықтар кішкентай кезінен-ақ көп және мақсатты түрде дайындалады. Сондықтан олар физикалық жағынан өте мықты. Мысалы бізде таңертең толық жаттығуды қорғауға арнап өткізу сирек кездеседі. Ал оларда бұл — қалыпты жағдай.
Сербиялық волейбол күш пен қарқынға негізделген. Биіктік, реакция жылдамдығы, әсіресе орталық ойыншылардың әрекеті — бәрі мүлдем басқа деңгейде. Қазақстанда шабуылға шыққанда тосқауыл кешігіп жетеді. Ал Сербияда мен допты ұрмай жатып, қарсы алдымда тосқауыл дайын тұрады. Бұл — мен үшін шок болды”, — дейді Сана.
Сербияда кімдер ойнай алады?
Сана Анарқұлова өз тәжірибесіне сүйене отырып, Қазақстаннан келесі ойыншылардың Сербия чемпионатында ойнай алатынын айтты:
- Жанна Сыроешкина — “Оның техникалық деңгейі мен қабылдауы жақсы. Алғашқыда қиын болар еді. Бірақ ол жас, тез бейімделіп кетеді”.
- Кристина Белова — “Ол бұған дейін де шетелде ойнап көрген. Қайта барып, өзін көрсетуге лайық”.
- Юлия Якимова — “Әлі жас, уақыт жоғалтпай, бағын сынап көретін кезең”.
Анарқұлованың жетістіктері
- 8 дүркін Қазақстан чемпионы
- Азия клубтық чемпионатының жеңімпазы (2021)
- Азия ойындарының қола жүлдегері (2010)
Қазір Сана Вьетнамда өтіп жатқан AVC Ұлттар кубогында Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсетіп жатыр. Келесі маусымда Петропавлдың “Қуаныш” клубының намысын қорғайды.