Басы дауға қалған Серік Сәпиев қызметінен кетті

Сарапшы, спорт журналисі

Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев пен оның орынбасары Дәурен Есімханов дау-дамайдан кейін қызметтерінен кетті.

Басы дауға қалған Серік Сәпиев қызметінен кетті
Серік Сәпиев

Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысы қызметінен кетті. Бұл турвлы Қарағанды облыстық әкімдік хабарлады.

Сондай-ақ басқарма басшысының орынбасары Дәурен Есімханов та өз еркімен жұмыстан босатылды.

Болған оқиғаның хронологиясы

Еске салайық, 21 қаңтар күні Серік Сәпиев пен оның орынбасары, самбодан танымал спортшы Дәурен Есімханов арасында жанжал туындап, оқиға сәтінің видеосы әлеуметтік желілерде кеңінен тараған болатын.

Кейін Серік Сәпиев бұл жағдайға байланысты көпшілік алдында мәлімдеме жасап, жанжалдың жеке немесе тұрмыстық себептерге қатысы жоқ екенін айтты. Оның сөзінше, өңірде ықпалы бар кейбір тұлғалар тарапынан қысым болған.

"Облыстағы спорт ұйымдарының басшыларын заңсыз ротациялау әрекеттері жасалды. Бұл іске менің орынбасарым да қатысқан. Мен заңсыздыққа жол бермедім, ал бұл жағдай соның салдары", – деді Сәпиев.

Ал Дәурен Есімханов та мәлімдеме жасап, қоғамды арандатуға ермеуге шақырды.

"Қазіргі таңда әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында шындыққа жанаспайтын мәліметтер тарап жатыр. Жағдайды ушықтыруға бағытталған әрекеттерге жол бермеулеріңізді сұраймын", – деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.

Оқиғаға Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев та пікір білдірді.

"Бұл жағдай бойынша Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департаменті тексеру жүргізеді. Сонымен қатар басқарманың қызметіне кешенді аудит жасалады. Қазіргі уақытта оқиғаға байланысты тергеу амалдары жүріп жатыр, барлық әрекеттерге құқықтық баға беріледі", – деді облыс әкімі аппараттық кеңесте.

Бұл туралы не ойлайсыз?
👍 0
👎 0
😂 0
😡 0
×
Футбол Теннис Жекпе-жек Хоккей Жаңалықтар Авто Бәрі-бір