Бүгін қызметін босатқан Серік Сәпиев жаңа жұмыс тауып алды

Сарапшы, спорт журналисі

Бүгін Қарағанды спорт басқармасының басшысы өз еркімен лауазымын босатқан еді.

Бүгін қызметін босатқан Серік Сәпиев жаңа жұмыс тауып алды
Сурет: ашық дереккөзден

Серік Сәпиев Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрінің штаттан тыс кеңесшісі болып тағайындалды. Ол 2026 жылғы жазғы XX Азия ойындарына дайындық жөніндегі штабтың спорттық блогын үйлестіруші қызметін атқарады. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.

Аталған шешім өткен жылы күшіне енген "Дене шынықтыру және спорт туралы" заңның жаңа редакциясында қарастырылған ротация жүйесі аясында қабылданғаны атап өтілді.

Сәпиев жайлы

Серік Сәпиев — Лондон Олимпиадасының бокс бойынша чемпионы, 2010 жылы Гуанчжоуда өткен жазғы Азия ойындарының жеңімпазы. Бұған дейін ол ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Туризм және спорт министрлігінің спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы, сондай-ақ өңірлік спорт басқармасының басшысы қызметтерін атқарған. Қазіргі таңда ол Қазақстан Республикасының Ұлттық сурдлимпиада комитетінің президенті болып табылады.

Сонымен қатар, Азия ойындарына дайындық штабының құрамына Туризм және спорт министрлігінің өкілдері, ұлттық спорт федерацияларының басшылары және спорт саласының ардагерлері кірді. Олар дайындықтың әр кезеңін пысықтап, қойылған міндеттердің уақтылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз ететін болады.

Азия ойындары қашан өтеді?

Еске сала кетейік, 2026 жылғы жазғы Азия ойындары 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Жапонияның Айти және Нагоя қалаларында өтеді. Азиада бағдарламасына 41 спорт түрі енгізілген. Жалпы саны 68 дисциплина бойынша 460 медаль жиынтығы сарапқа салынады:

  • 217 — ерлер арасында,
  • 204 — әйелдер арасында,
  • 39 — аралас санатта.

Бағдарламаға олимпиадалық, олимпиадалық емес және дәстүрлі азиялық спорт түрлері қамтылған.

Естеріңізге салсақ, жақында Қарағанды облысының спорт басқармасында бөлім меңгерушісі Серік Сәпиев пен оның орынбасары арасында үлкен дау-дамай болған еді. Соған байланысты бүгін Олимпиада чемпионы өз еркімен қызметін босатқаны белгілі болды.

Бұл туралы не ойлайсыз?
👍 0
👎 0
😂 0
😡 0
×
Футбол Теннис Жекпе-жек Хоккей Жаңалықтар Авто Бәрі-бір