Қазақстандық шахматшыларға 100 миллион теңге беріледі
Қазақстан шахмат федерациясы Самарқанда өткен 2026 жылғы Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында күміс жүлде алған әйелдер құрамасына 100 миллион теңге сыйақы төлейді.
Қай шахматшыларға сыйақы беріледі?
Дүниежүзілік олимпиадада Қазақстан құрамасының сапында күміс медаль жеңіп алған шахматшылар:
- Бибісара Асаубаева;
- Алуа Нұрман;
- Меруерт Қамалиденова;
- Елназ Қалиахмет;
- Зарина Нұрғалиева.
Федерация олардың әрқайсысына 20 миллион теңге көлемінде сыйақы тағайындаған.
Бапкерлер де марапатталады
Команданың жаттықтырушылар құрамына да ақшалай сыйақы қарастырылған:
- құрама капитаны әрі бас бапкер Павел Коцурға – 20 миллион теңге;
- бапкер Александр Моисеенкоға – 20 миллион теңге;
- бапкер Арыстанбек Оразаевқа – 5 миллион теңге.
Осылайша шахматшылар мен бапкерлерге берілетін сыйақының жалпы сомасы 145 миллион теңгеге тең.
Қазақстан әйелдер құрамасы 2024 жылғы Олимпиадада да екінші орын алған. Сол кезде де әр шахматшыға 20 миллион теңгеден төленді.
Алуа Нұрман мемлекеттік сыйақы мәселесін көтерді
Қазан айының басында Алуа Нұрман Самарқандтан оралған кезде Олимпиададағы нәтиже үшін мемлекеттік сыйақы қарастырылмағанын айтып, таңданысын білдірді.
Шахматшының сөзінше, Алматыдағы спорт мекемелерінің қызметкерлері оған Дүниежүзілік шахмат олимпиадасы тиісті төлемдерге құқық беретін жарыстар тізіміне кірмейтінін түсіндірген. Сонымен қатар бұл нәтиже шахматшыға ай сайынғы төлем тағайындауға негіз болмайтыны айтылған.
Нұрман әлемдік шахматтағы басты командалық жарысты осы тізімге енгізу мәселесін көтерді.