Асаубаева Карлсенге қарсы матчтан кейін мәлімдеме жасады
Шахматшылар екі күндік кездесуде жоспарланған 14 партияның орнына 12 партия ғана ойнаған болатын.
Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева Будапештте өтіп жатқан Total Chess World Championship Tour Pilot 2026 турнирінде Магнус Карлсенмен өткізген екі күндік матчтан кейін пікір білдірді.
"Баршаңызға сәлем! Магнуспен өткен матчым да аяқталды. Жоспарланған 14 партияның орнына 12 партия ойнадық. Бұл жағдайға толық түсініктеме бергім келмейді, өйткені бәрі менің сөзімді қайта жариялап кетеді.
Жалпы, осы матчтың өткеніне өте қуаныштымын. Мен сегіз жаста болған кезде ол Үміткерлер турнирін жеңді, ал тоғыз жасымда әлем чемпионы атанды. Өмірімде онымен жеке матч ойнаймын деп ойламаппын", – деді Асаубаева.
Оның айтуынша, кейбір партияларда Карлсенге қарсы жеңіске жететін мүмкіндіктер де болған.
"Бірнеше рет жеңісті позицияға шықтым. Рапидте бір рет, блицте де бір рет тең ойнадым. Әрине, сол позициялардың бірін жеңіске жеткізсем, нәтижеге көбірек риза болар едім. Бірақ бұл бәрібір өте жақсы әрі қызықты тәжірибе болды", – деп жазды қазақстандық шахматшы.
Карлсен екі рет соңғы партиядан бас тартты
Будапешттегі супертурнирдің жұбаныш сеткасының жартылай финалында Магнус Карлсен Асаубаеваны жеңді.
Кездесудің бірінші күнінде норвегиялық шахматшы матч тағдырын мерзімінен бұрын шешкеннен кейін жылдам классика форматындағы соңғы партияға шықпады. Ол кездесуді жалғастырудың мәні жоқ екенін айтып, техникалық жеңіліс алды.
Соған қарамастан, Карлсен бірінші күнді 11,5:8,5 есебімен өз пайдасына аяқтады.
Екінші күні де матч мерзімінен бұрын шешілді
Кездесудің екінші күнінде Карлсен блицте төрт партияны жеңіп, рапидтен кейін қажетті басымдыққа қол жеткізді.
Есеп 10:2 болған кезде норвегиялық шахматшы жылдам классикадағы қорытынды партияға тағы да қатысудан бас тартты.
Осылайша, екі күндік кездесуде жоспарланған 14 партияның орнына 12 партия ғана ойналды. Енді Магнус Карлсен турнирде 17-орын үшін күрессе, Бибісара Асаубаева 19-орын үшін ойнайды.