Михаил Шайдоров Олимпиада чемпионы атануға үлес қосқан бапкерімен қоштасты
Енді Шайдоров жаңа олимпиадалық циклге басқа командамен дайындалуы мүмкін.
Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров бапкері Алексей Урмановпен жұмысын аяқтады. Бұл ақпаратты Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов растады.
Министрдің айтуынша, тараптар арасындағы келісімшарт тоқтатылған. Енді Шайдоров жаңа олимпиадалық циклге басқа командамен дайындалуы мүмкін.
"Қолда бар ақпарат бойынша, Михаил Шайдоров үшін жаңа олимпиадалық цикл басталды. Иә, Алексей Урмановпен келісімшарт бұзылды", – деді министр.
Министр Урмановқа алғыс айтты
Мырзабосынов Алексей Урмановтың Шайдоровтың Олимпиада чемпионы атануына қосқан үлесін ерекше атап өтті.
"Біз өз тарапымыздан Алексей Урмановқа үлкен алғыс айтқымыз келеді. Ол өзі де Олимпиада алтынын жеңіп алған және Олимпиада чемпионын дайындауға көмектесті. Соңғы үш жылда Михаилдың командасымен өте үлкен жұмыс атқарылды", – деді ол.
Министрлік Урмановтың алдағы уақытта да қазақстандық жас мәнерлеп сырғанаушылармен жұмысын жалғастыратынына үміт білдірді.
Айта кетейік, Михаил Шайдоров жыл басынан бері ол 13 оқу-жаттығу жиынын өткізіп, төрт-бес жарысқа қатысты.