Магнус Карлсен Бибісара Асаубаевамен болған даудан кейін жазаға тартылуы мүмкін
FIDE-нің наразылығына Карлсеннің ресейлік Владислав Артемьевпен кездесуіндегі әрекеті де себеп болған.
Шахматтан бес дүркін әлем чемпионы Магнус Карлсен Халықаралық шахмат федерациясының (FIDE) тексеруіне ілікті.
Ұйым норвегиялық гроссмейстердің Будапештте өткен Total Chess World Championship Tour Pilot 2026 турниріндегі әрекеттерін Этика және тәртіп жөніндегі комиссияның қарауына жібермек.
FIDE Карлсеннің әрекетін тексереді
21 қарашада FIDE арнайы мәлімдеме жасап, Карлсеннің жоспарланған партияларға бірнеше рет қатысудан бас тартуына байланысты тексеру жүргізілетінін хабарлады.
Норвегиялық шахматшы Бибісара Асаубаевамен матчта жылдам классика форматындағы соңғы екі партияны өткізуден бас тартқан.
Кездесудің нәтижесі сол сәтте анықталып қойғанымен, турнир ережесіне сәйкес барлық жоспарланған партияны ойнау міндетті болған.
Артемьевпен матчтағы жағдай да назарға алынды
FIDE-нің наразылығына Карлсеннің ресейлік Владислав Артемьевпен кездесуіндегі әрекеті де себеп болған.
Норвегиялық гроссмейстер екі күн ішінде үш партиядан бас тартқан. Бұл жолы матчтың қорытынды нәтижесі әлі шешілмеген еді.
"Мұндай мінез-құлық әділ ойын қағидаттары мен жарыстың әділдігіне нұқсан келтіреді. Өткізілмеген партиялар турнир кестесінің жоғарғы бөлігіндегі нәтижелерге айтарлықтай ықпал етті", – делінген FIDE мәлімдемесінде.
Асаубаева Карлсенге 18,5:21,5 есебімен есе жіберді
Бибісара Асаубаева Магнус Карлсенге жалпы есепте 18,5:21,5 есебімен жол берген.
Кейін қазақстандық шахматшы америкалық Эндрю Хонгтан жеңіліп, турнирді 20-орынмен аяқтады. Ол жарыс қорытындысы бойынша 14 мың доллар сыйақы иеленді.
Турнирде Фируджа жеңіске жетті
Будапешттегі жарыстың жеңімпазы француз гроссмейстері Алиреза Фируджа атанды.
Екінші орынды Аниш Гири, ал үшінші орынды Фабиано Каруана иеленді.