Синдаров Гукешті жеңіп, әлем чемпиондығы есебінде алға шықты
Швейцарияда Жавохир Синдаров пен Гукеш Доммараджу арасында әлем чемпионы атағы үшін өтіп жатқан матчтың бесінші партиясы аяқталды.
Бұл кездесуде ақ фигуралармен ойнаған Синдаров жеңіске жетті. Партияның 31-ші жүрісінде Гукештің өрескел қателігін өзбекстандық шахматшы тиімді пайдаланып, 47-ші жүрісте ойынды өз пайдасына аяқтады.
Осы жеңістен кейін қарсыластар арасындағы жалпы есеп 3:2 болып, Синдаровтың пайдасына өзгерді. Бұған дейін өткен төрт партияның барлығы тең нәтижемен аяқталған еді.
Матчтың алтыншы партиясы 30 қараша, дүйсенбі күні өтеді. Әлем чемпионы атағы үшін бәсеке 14 классикалық партиядан тұрады. Титулды жеңіп алу үшін шахматшылардың бірі 7,5 ұпай жинауы қажет.
Айта кетейік, Гукеш Доммараджу әлем чемпионы атағын 2024 жылы қытайлық гроссмейстер Дин Лижэньді жеңу арқылы иеленген. Ал Жавохир Синдаров Кипрде өткен үміткерлер турнирінде жеңіске жетіп, әлем чемпионы атағы анықталатын матчта бақ сынау құқығына ие болды.