
Александр Бублик Италия астанасы Римде өтіп жатқан ATP Masters 1000 турнирін сәтті бастады. Әлемдік рейтингте 76-орында тұрған Бублик алғашқы айналымда ресейлік қарсыласы Роман Сафиуллинмен (ATP №77) кортқа шықты.
Ойын 1 сағат 38 минутқа созылып, Бублик екі сетте жеңіске жетті — 6:3, 7:6. Екінші сет тай-брейкке ұласып, Александр мықты жігер танытты. Бұл жеңіс оны турнирдің келесі кезеңіне алып шықты.
Екінші айналымда Бубликтің қарсыласы оңай болмақ емес. Әлемнің жетінші ракеткасы норвегиялық Каспер Рууд. Өткен аптада норвегиялық Мадридтегі турнирде топ жарған.
Биылғы Рим турнирінің жалпы жүлде қоры — 8 055 385 еуро. Жеңімпаз 985 030 еуро табыс табады және ATP рейтингісіне 1000 ұпай қосады. Бұл турнир — маусымдағы ең беделді жарыстардың бірі саналады.